"Әр балаға 21 мың теңге берілсін": Нұр-Сұлтанда көпбалалы аналар митингке шықты

0
1 478

​Пикетке қатысушылар медициналық бетперде киіп, оған қызыл бояумен "сөйлемейміз" деген белгіні салып қойған.


ERNUR.KZ. Астаналық көпбалалы аналар тағы да наразылық акциясына шықты. Олар бұл жолы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында "үндемейтін" пикет өткізді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

15 әйел бірнеше плакатқа өз талаптарын жазып қойды. Соның ішінде бастапқы жарнасыз және жалдамалы баспана беру, мұқтаж халықтың кредитін кешіру сияқты нақты талаптар бар. Бұлан бөлек, көпбалалы аналар вакцинаға қарсы екенін білдірді. "Аштық жариялаймыз!" деген плакат та бар.



Пикетке қатысушылар медициналық бетперде киіп, оған қызыл бояумен "сөйлемейміз" деген белгіні салып қойған. Көпбалалы аналар журналистерге де сұхбат беруден бас тартты.

Қала әкімінің кеңесшісі Дәурен Бабамұратовтың пікірінше, жергілкті билік пикетке шыққан әрбір анамен жеке-жеке кездесуге дайын. Түсіндіру жұмыстары да тұрақты түрде жүргізіледі. Кеңесші пикетке шыққандарға баспананың не себепті берілмей жатқанын да айтты.

"Қазір Нұр-Сұлтанда үй кезегінде 46 мыңнан астам адам тұр. Бірақ бір нәрсені түсіну керек, 2008-2010 жылдардан бері үй кезегінде тұрған азаматтар бар. Олар әлі үй алған жоқ. Ал бұл кісілердің көпшілігі 2019 жылы кезекке тұрған", - деді Бабамұратов.

Оның сөзіне қарағанда, пикетке шыққан аналар "Бақытты отбасы" арқылы кредиттік баспана алуға құқылы. Бірақ оның өзі кезек бойынша беріледі.

"Нұр-Сұлтан қаласында "Бақытты отбасы" бойынша 2 600-ден астам адам өтініш тапсырған. Олардың 414-і жолдама алған. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі барлығына бірдей кредит бермейді. Яғни, оның ішінен тағы артылуы мүмкін. Сонда одан кейін кезекте тұрған азаматтарға үлестіріледі. Қала әкімшілігі квотаны "Бақытты отбасы" бойынша квотаны ұлғайту мәселесін көтеріп жатыр", - деп атап көрсетті Бабамұратов.