Арал теңізінің суы 42 процентке көбейді – министрлік

0
87

Судың тұздылығы төрт есеге жуық төмендеді.


Арал теңізінің суы 42 процентке көбейді – министрлік

ERNUR.KZ Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезеңінің нәтижесін жариялады, деп жазады sputnik.kz.

Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезеңі бойынша теңіздегі су көлемі 42 процентке артып, 27 млрд текше метрге жетті. Судың тұздылығы төрт есеге жуық төмендеді. Ал бір жылда балық аулау көрсеткіші 8 мың тоннаға дейін көтерілді.
2024 жылы Аралға 2,6 млрд текше метрге жуық су жіберілген болатын. Соның ішінде суару кезеңінде рекордтық көлем - 1 млрд текше метр су барды. Бұның барлығы - Сырдария суын сауатты бөлу және оны үнемдеудің нәтижесі. Бұған дейін 2022 жылы Аралға бар болғаны 816 млн текше метр су жіберілген еді.
"Бұл нәтижелер – соңғы екі жылда жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі. Біз су үнемдеу, трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын әділ бөлу мәселесінде көршілес елдермен өзара түсіністікке қол жеткізіп, нақты қадамдар жасадық. Алдағы уақытта да осындай келіссөздерді жалғастыра отырып, маңызды су қоймаларының деңгейін тұрақты ұстап тұруға бар күшімізді саламыз. Аралды қалпына келтіруге бағытталған жоба ең алдымен өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр", - дейді министр Нұржан Нұржігітов.
Айта кетері, Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру жобасы 3 негізгі бағытты қамтиды. Атап айтқанда, Солтүстік Арал теңізінде су жинақтаудың көлемі мен тиімділігін арттыру, су ресурстарын басқаруды жақсарту, балық шаруашылығы мен экотуризмді дамыту, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша маңызды іс-шаралар қарастырылған. Алдағы уақытта жобаның екінші кезеңі басталады.