Теңіздің тартылған табанына галофитті өсімдіктер отырғызу жұмыстары осыдан 40 жыл бұрын басталған.
ERNUR.KZ. Көшеттерді егу Оңтүстік Корея Республикасының Орман қызметінің қолдауымен жүзеге асуда, деп хабарлайды Kazakh-tv.kz.
Аталған жоба 2018 жылы қолға алынып, бұл мақсатқа 1,7 миллион доллар қаржы бөлінген. Өсімдіктің бұл түрі тұз бен құмды тежеп, жел тұрғанда олардың ауаға көтерілуін тоқтату үшін қолданылады. Биыл теңіз түбіне 2,5 мың гектар жерге тағы сексеуіл егілді.
«Оңтүстік Корея Республикасының Орман қызметінің қолдауымен Қазақстанның биоалуандылығын сақтау қоры арқылы Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 30 мың гектар жерге зерттеу жұмыстары жүргізіліп, орман мелиорациялық жұмыс жоспары жасалынған. Жұмыс жобасына сәйкес, 2018 жылдың қараша айында 5 мың гектар, 2019 жылдың наурыз айында 5 мың 800 гектар, 2020 жылдың көктем айында 2 мың 500 гектар жерге, жалпы есептегенде барлығы 13 мың 300 гектар жерге сексеуіл көшеттері егілген», - дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Рахымжан Бурабаев.
Айтулы орман мелиорациясы жұмыстары үшін Қазалы орман питомнигінде сексеуіл көшеттері өсіріліп, дайындалады.
Тұқымбақтың аумағы 32 гектарды құрайды. Оның қуаты жылына 4 миллионнан аса сексеуіл көшеттерін өсіруге жетерлік. Питомник жыл сайын Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 5-7 мың гектар сексеуіл, сарсазан секілді өсімдіктерді егеді. Жалпы, теңіздің тартылған табанына галофитті өсімдіктер отырғызу жұмыстары осыдан 40 жыл бұрын басталған. Содан бері 190 мың гектар жер орманға айналды, дейді мамандар.