​Арқалықтағы жаппай уланудың себебі анықталды

0
107

0-23 қазан аралығында Арқалық, Жангелдин ауданы және Қостанай қаласының инфекциялық бөлімшелеріне ішек ауруының белгілерімен 86 адам жүгінген болатын.


​Арқалықтағы жаппай уланудың себебі анықталды

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Жергілікті мейрамханада өткен мерекелік шара ішек инфекциясының таралуына себеп болды. 86 адам ауырып, олардың басым бөлігі ауруханаға жатқызылды. Эпидемиологиялық тергеу барысында екі қызметкерден сальмонелла анықталып, мейрамхана уақытша жабылды, деп жазады inform.kz.

Арқалықта жаппай ішек инфекциясының тіркелуіне байланысты жүргізілген эпидемиологиялық тергеу аяқталды. Еске салайық, 20-23 қазан аралығында Арқалық, Жангелдин ауданы және Қостанай қаласының инфекциялық бөлімшелеріне ішек ауруының белгілерімен 86 адам жүгінген болатын.

Науқастардың басым көпшілігі ауруды жергілікті кафеде өткен мерекелік шарада тамақ ішумен байланыстырады. Сонымен қатар 16 адам аталған шараға қатыспаған, бірақ сол мекемеден алынған тағамдарды тұтынған.
– 83 адам ауруханаға жатқызылып, олардың 82-сі сауығып шықты. Бір науқас дәрігерлердің бақылауында. Барлық жағдай бойынша «сальмонеллез» диагнозы зертханалық түрде расталып, науқастардан Salmonella enteritidis бактериясы анықталды, – деді Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде өткен брифингіде.
Тексеру барысында кафе аумағында бірқатар санитариялық талап өрескел бұзылғаны анықталған. Осыған байланысты облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері мекеме қызметін уақытша тоқтату және қызметкерлерді жұмыстан шеттету туралы қаулы шығарды.
– Тағам өнімдері мен ауызсуға жүргізілген зертханалық талдауларда қоздырғыш анықталған жоқ. Дегенмен қоршаған орта нысандарынан алынған 40 сынаманың жетеуінен ішек таяқшасы табылды. Бұл санитариялық жағдайдың нашарлығын көрсетеді. Сонымен қатар қызметкерлер тексеруден өтіп, олардың екеуінен Salmonella enteritidis бактериясы анықталды, ол науқастардан табылған қоздырғышпен бірдей, – делінген ресми мәлімдемеде.
Эпидемиологтердің айтуынша, инфекцияның таралуына дәл осы қызметкерлер, ауру белгілері байқалмаған тасымалдаушылар себеп болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта кафе барлық анықталған кемшілік жойылғанға дейін жабық тұр. Іс материалдары құқық қорғау органдарына жолданды. Тексеру қорытындысына қарай, иелеріне қатысты түпкілікті шешім қабылданады. Егер қылмыстық құрам анықталған жағдайда іс сотқа жолданады, ал әкімшілік құқық бұзушылық жағдайында айыппұл салынбақ.
Арқалықтағы басқа қоғамдық тамақтану орындары әзірге тексерілмейді. Санитариялық қызметтер бар күшін осы ошақтағы жағдайды толық жоюға бағыттап отыр.