«Арселор Миттал Теміртау» лицензиясынан айырылуы мүмкін

0
2 464

Компания бір жылда ауаға 230 мың тоннадан астам зиянды қалдық шығарады.


«Арселор Миттал Теміртау» лицензиясынан айырылуы мүмкін

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстанда жұмыс істеу лицензиясы тартып алынуы мүмкін. Себебі, еліміздегі ең ірі металл комбинаты Үкімет қойған талапқа мән бермей, ауаға көп мөлшерде зиянды қалдық таратуын доғарар емес, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіні шулатқан бейнежазбада Теміртаудағы ірі компанияның ауаға зиянды қалдық шығарып жатқаны анық көрсетілген. Көк түтіннің ортасындағы металлургтер қаласына аттанған Экология министрлігі комбинат жұмысынан өрескел қателер тапты.

Мәселен, 50-ші жылдары салынған жылу электр станциясының әбден тозығы жеткен. Компания бір жылда ауаға 230 мың тоннадан астам зиянды қалдық шығарады.

Ал соңғы бес жылда табиғатты қорғау іс-шараларына 28 миллиард теңге жұмсағанымен, қоршаған ортаға әкелген пайдасы өте аз. Енді «Арселор Миттал Теміртау» алдағы тқрт жылда қалдық шығаруын 30 пайызға азайтып, өндірісті толық реконструкциялау және жаңғыртуы керек.

Теміртауға 500 мың ағаш отырғызу да компания мойнында. Егер бұл талап орындалмаса, ірі комбинат лицензиясынан айырылуы мүмкін.

"Негізі бірнеше рет талап қойғанбыз, оны орындамаған жағдайлар болды. Орындап жатқан шаралары да тиімсіз деп айтып өттім. Орындамағаны үшін рұқсатты алып алуға да, тоқтатуға да болады. Негізі рұқсатты орындамаған өте қатаң жаза" - дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы, Зулфухар Жолдасов.