"Әртістеріміз үлгі алсын": Ресейлік танымал топ концерттен түскен қаржысын өрттен жапа шеккендерге аударатынын айтты

0
976

​Танымал белорусиялық және ресейлік рок-әншілерден құралған БИ-2 тобы Семейде өтетін концертінен түскен барлық қаражатты Абай облысында өрттен жапа шеккендерге аударатынын айтты.


ERNUR.KZ. Шетелдік әншілердің бұл әрекетіне тәнті болған желі қолданушылары отандық эстрада мүшелерін осы істен үлгі алуға шақырады, деп жазады stan.kz.

БИ-2 тобының Семейде өтетін концерті 21 маусым күніне белгіленген. Олар өздерінің қайырымды ойлары туралы 14 маусымда Астанада өткен концертте айтқан.

“Біз осы алапат өрттен қаза тапқан және жапа шеккен азаматтардың туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. 21 маусым күні Семейде біздің концертіміз болуы керек еді. Біз бұл кешті кейінге қалдырғымыз келмейді және осы кештен түскен барлық қаражатты Абай облысындағы өрттен жапа шеккендерге көмек көрсететін қорға аударамыз”, – деді әншілер сахнада сөйлеген сөздерінде.

Көрермендер шетелдік әншілердің бұл әрекетіне ду қол шапалақ соғып, қолдағандарын білдірген. Олар ұзақ қол соғып, “Жарайсыңдар!” деп айқайлаған.

Желі қолданушылары да әртістердің бұл әрекетін жоғары бағалаған. Валерия Штарк есімді қолданушы өзінің осы кеште болғанын айтып, “мен осы сәтте жігіттерден қамқорлық сезіндім, біз 2 минут бойы тоқтаусыз шапалақ соқтық” деп жазады.

Ал Ереке есімді тағы бір қолданушы “осы уақытта біздің “әртіс” есірткі қолданып, адамдардың өміріне қауіп төндіріп жүр” дейді. Қолданушының жазуына қарағанда ол кеше 14 маусымда есірткіге мас күйінде көлік айдап жүргені үшін сондай-ақ полицейлерден қашып, оларға қарсылық көрсеткен қазақстандық әнші Төреғали Төреәліні меңзеп тұрған секілді.

Алмас есімді желі қолданушысы “біздің әртістер үлгі аларлық іс екен” деп әншілердің әрекетін мақтауға тұрарлық екенін айтады.

“Әрине, ешкім бір біріне қарыз емес, сонда да біздің әртістер қайда? Олар ары кетсе халықтан ақша жинайды, алайда өз гонорарлары мен концерттен түскен пайдасын бергенін көрген емеспін”, – деп жазады Сәбит есімді тағы бір қолданушы.

БИ-2 тобының концерті бұған дейін Қазақстан қалаларында болған. Қазақстандықтар кейбір ресейлік әртістерді Ресей президенті Владимир Путиннің саясатын қолдайтынымен байланыстырып, бойкот жариялап жатады. Мысалы, 15 ақпанда Алматыда "Жара" фестивалін ұйымдастырушылар елдегі және әлемдегі саяси жағдайға байланысты музыкалық шара кейінге қалатынын хабарлады. Тіпті афишадан Григорий Лепс, Дима Билан, Ольга Бузова, Анита Цой және Лолитаны алып тастаған. Олар Ресей басқыншылығын қолдап, пікір білдірген.