АШМ: Дизель отынын бөлу ережелері өзгерді

0
497

Операторлар өткізбеген дизель отынының қалдықтарын толық және мақсатты пайдалану үшін ережеге жеңілдетілген дизель отынының қалдықтарын пайдалануға болатын агротехникалық жұмыстардың қосымша түрлері бойынша нормалар енгізілген.


АШМ: Дизель отынын бөлу ережелері өзгерді

АШМ мұнай өнімдерін маусымдық агротехникалық жұмыстарға бөлу қағидаларына өзгерістер енгізеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы жылдың 15 мамырында мұнай өнімдерін бөлудің өңірлік операторларын айқындау Қағидаларына және көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін мұнай өнімдерінің көлемін қалыптастыру және бөлу қағидаларына бірқатар өзгерістер енгізді.

Ақпараттық жүйеде 2023 жылғы егін жинау жұмыстарына жеңілдікті дизель отынын бөлу қорытындысы бойынша gosagro.kz. облыс әкімдіктері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден мұнай өнімдерін бөлу қағидаларына өзгерістер енгізу қажеттілігі жөнінде ұсыныстар мен ескертулер келіп түсті.

Келіп түскен ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, Қағидаларға мынадай өзгерістер енгізілді. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге бөлек өтінім берудің орнына бірыңғай электрондық өтінім беру көзделген. Бұл шаруалар үшін дизель отынына квота алу рәсімін оңтайландыруға және жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар шаруалардың ұсыныстарын ескере отырып, өтінім беру мерзімі жиырма күннен отыз күнге дейін ұзартылды. Дақылдар түрлері бойынша және бір гектарға дизель отыны шығысының бірыңғай базалық нормативтері алынып тасталды, - делінген хабарламада.

Бұған дейін Ережеге қосымшамен бекітілген дизель отынын тұтынудың бірыңғай базалық нормативтері өңірлердің топырақ-климаттық жағдайларының ерекшеліктерін ескермеген және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан көптеген шағымдар тудырған.

Ереженің жаңа редакциясында дизель отынын тұтыну нормативтері аграрлық бейіндегі ғылыми ұйымның ұсынымы негізінде өңірлердің топырақ-климаттық жағдайларын ескере отырып белгіленетін болады.

Операторлар өткізбеген дизель отынының қалдықтарын толық және мақсатты пайдалану үшін ережеге жеңілдетілген дизель отынының қалдықтарын пайдалануға болатын агротехникалық жұмыстардың қосымша түрлері бойынша нормалар енгізілген.