Ashyq жүйесінде «қызыл» мәртебесі өзгермегендер кімге жүгінуі керек

0
539

ПТР тест қорытындысы ауру жоқ екенін көрсетсе де, Ashyq жүйесінде мәртебесі өзгермесе, кімге жүгіну керек?


Ashyq жүйесінде «қызыл» мәртебесі өзгермегендер кімге жүгінуі керек

ERNUR.KZ. Орталық коммуникациялар қызметінде Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаеваға осындай сұрақ қойылды, деп жазады ҚазАқпарат.

«ПТР нәтижесі кейбір зертханаларда түскен сынама санына байланысты 6 сағаттан 1 тәулікке дейін жасалуы мүмкін. Әрине, сол уақыттың ішінде зерттеудің нәтижесі шыққан кезде біріктірілген ақпараттық жүйеге жіберіліп отырады. Осы жүйедегі ақпарат арқылы Ashyq жүйесі байланыстырылғанын білеміз. Бұл процесс науқастың ЖСН-і дұрыс терілмеуі сияқты қателіктерге байланысты кей жағдайда кешіктірілуі мүмкін. Бірақ зертханаға сынама тапсырылған кезде ЖСН беріледі. Ондай сұрақтар болмауы тиіс. Егер болса, біз жеке бақылауға алып, оның нәтижесін тікелей бере аламыз», - деді маман.

Сондай-ақ ,ол Ashyq жүйесіне мәліметтің енгізілуі Цирфлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі деңгейінде жүргізілетінін ескертті.

«Дегенмен, біз сол министрлікпен бірге өз мамандарымызды дайындап жатырмыз. Бүгін мен ұйымдастырушылар арқылы өзімнің телефон нөмірімді берейін. Сол арқылы өзіме тікелей байланыса алады. Біздің құзырымызда дайындалған 2 маман бар. Осындай сұрақтар болған жағдайда әрбір өңірге, әрбір зертханаға шығып, тікелей көмектесуге мүмкіндігіміз бар. Мәселе жоқ демейміз. Шынымен ондай жағдайлар болуы мүмкін. Техникалық ақауларға, кейбір жерде интернеттің баяулығына байланысты осындай жағдайлар болуы мүмкін. Яғни, әр сұрақты жеке шешіп, көмектесіп жатырмыз», - деген Айнагүл Қуатбаева бұл мәселе бойынша 1406 call-орталығы арқылы хабарласуға болатынын еске салды.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметованың айтуынша, мұндай жағдайда өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттеріне жүгінуге болады.