Әскерге бару мерзімін қандай жағдайларда кейінге қалдыруға болады

0
1 098

Мерзімді әскери қызметке 18-ден 27 жас аралығындағы ер азаматтар шақырылады.


Әскерге бару мерзімін қандай жағдайларда кейінге қалдыруға болады

ERNUR.KZ. Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап күзгі әскерге шақыру кезеңі басталды. Төрт ай ішінде Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатары 18-27 жас аралығындағы 18 мыңға жуық жаңа буынмен толықпақ, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұған дейін Ranking.kz хабарлағандай, төрт жылда әскерге шақырылғандардың 15,8 пайызы ғана алынған.

Осы орайда ҚР Қорғаныс министрлігі ҚазАқпарат агенттігінің сауалына берген жауабында әскерге бару мерзімін қай жағдайларда кейінге қалдыруға болатынын түсіндірді. Сонымен қатар, қорғаныс ведомствосының мамандары әскерден жалтарып жүргендердің портретін сипаттап берді.

«ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, 2022 жылы Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына 35 мыңнан астам адамды шақыру жоспарланған. Оның ішінде көктемде 17 мыңға жуық адам шақырылса, күзде 18 мыңнан астам адам әскер қатарына келеді деп жоспарланып отыр», - делінген Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінде.

Ведомство деректеріне қарағанда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар қажет көлемде жасақталады. Әскерге шақырылатындар санын қысқарту үрдісі байқалып отырған жоқ. Мәселен, 2017 жылдан бері әскер қатарына 165 мыңнан астам адам шақырылды.

Қорғаныс министрлігі әскерден жалтарып жүрген мерзімді әскери қызметшінің портретін жасады.

Мерзімді әскери қызметке 18-ден 27 жас аралығындағы ер азаматтар шақырылады. Осы орайда міндетті әскери қызметтен жалтарған жастар осы жас аралығында болады. Тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органының лауазымды адамының шақыруы бойынша 18-ден 27 жас аралығындағы азаматтар келмей жатады. Яғни олардың кейбірінде әскерден босатуға қатысты дәлелді себептер болмай жатады. Бұл азаматтар аудандық (қалалық, облыстық маңыздағы қаланың) құндылықтар) шақыру комиссиясынан өтуі тиіс.

Қазіргі кезде кейбір жастар ішкі және сыртқы көші-қон мүмкіндіктері арқылы әскерден жалтарып келеді.

Әскери қызметшілердің мәртебесі туралы Заңның 35-бабына сәйкес, денсаулық жағдайы бойынша мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру комиссия шешімімен бір жылға дейінгі мерзімге шегеріледі. Әскери қызметке жарамсыздығын және уақытша жарамсыздығына әсер ететін аурулардың негізгі топтарына ішкі ағзаның дерті, хирургиялық аурулар, көру органдарының індеті жатады.

Сонымен қатар, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 36-бабына сәйкес, азаматтар бейбіт уақытта әскери қызметке шақырудан:

- денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;

- жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;

- туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген;

- басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;

- Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;

- ғылыми дәрежесi бар азаматтар;

- тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.

Соттылығы бар азаматтар бейбiт уақытта әскери қызметке шақырылуға жатпайды.

Бүгінде әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және босату жөніндегі мәселелер мемлекеттік қызмет көрсету форматында, яғни «электрондық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Айта кетейік, әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады.