Әскерге жарамсыздар арасында психикалық ауытқушылыққа ұшырағандар көп

0
683

Жыл сайын әскерге шақыру кезінде 200 мыңнан астам жас медициналық тексеруден өтеді.


Әскерге жарамсыздар арасында психикалық ауытқушылыққа ұшырағандар көп

ERNUR.KZ. Қазақстанда мерзімдік әскери қызметке жарамсыз деп танылатын аурулар арасында психикалық және мінез-құлық ауытқушылықтары көш бастап тұр, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманов айтып берді.

«Жыл сайын әскерге шақыру кезінде 200 мыңнан астам жас медициналық тексеруден өтеді. Оның 78-80% әскери қызметке жарамды болып шығады және 20-22% жарамайды. Бұл көрсеткіштер соңғы жылдары тұрақты болып отыр және әскерге шақыру үшін дені сау жастардың жеткілікті резервін көрсетеді», - деді Б. Құрманов ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында.

Сонымен қатар, кейбір әскерге шақыру бекеттерінің медициналық комиссиялары азаматтарды негізсіз әскери қызметке шақырған.

«2019 жылы 24 әскери қызметші жарамсыз деп үйіне қайтарылды. Оның басты себептері - жергілікті атқару органдарындағы медициналық комиссия жұмысының кемшілігі, әскерге шақырылғандарды медициналық тексерудің сапасыздығы, шектеулі зерттеу мүмкіндіктерінен кандидаттарды алдын ала жеткілікті түрде зерттемеу болып отыр. Денсаулық жағдайына байланысты мерзімдік әскери қызметке жарамсыз деп танылатын аурулар арасында психикалық және мінез-құлық ауытқушылықтары (25,4 %) көш бастап тұр», - деді министрдің орынбасары.

Екінші орында қан айналымы мен жүйке жүйесі (12,7 %) аурулары, үшінші орында - несеп-жыныстық жүйесі (10,4%) мен ас қорыту мүшелерінің аурулары (10,4%) тұр.

Мерзімдік әскери қызметшілерді әскери қызметке жарамсыз деп жариялаудың себебі ретінде психикалық және мінез-құлық ауытқушылықтары жиі аталады. 2019 жылы бейімделу кезеңіне байланысты психикалық ауытқушылық үшін жарамсыз деп танылған мерзімдік әскери қызметшілер үлесі 25,4% құраған.

Оның айтуынша, мерзімдік әскери қызметшілер арасында дәстүрлі өмір салтының күрт өзгеруі, үйден алыстау, ауыр физикалық жүктеме, қарым-қатынас орнатудағы стресстік жағдайларға әкеп соғады.

«Көптеген сарбаздар психологиялық тұрғыда дайын болып келмейді. Өмір салтының күрт өзгеруінен психикалық ауытқуға бейім жандарда негативті эмоциялар пайда болады. Одан бөлек, әскерге дейінгі өмірдегі факторлар да көп ықпалын тигізеді. Қарулы Күштерге психикалық ауытқулармен ауыратын немесе оған бейім азаматтарды шақыру фактісі медициналық комиссиядағы психиатр-дәрігерлердің сапасыз жұмысын көрсетіп отыр», - деді Б. Құрманов.

Спикер азаматтарды әскери қызметке негізсіз шақыру жағдайларын азайтудың бірқатар жолдарын көрсетті.

«Тіркеудегі (16-17 жас) ұлдарды скринингтік тексеруге қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрінің халықтың мақсатты топтарына профилактикалық медициналық тексеру жүргізу ережелеріне өзгерістер енгізуді ұсынамыз. Қалқанша безін, іш құрылысы мен зәр шығару жолдарын ультрадыбыстық зерттеу, эхокардиография, қан мен гормондарды зерттеу әдістерін қосу керек. Бұл толықтырулар денсаулық сақтау органдарына жасырын аурулары бар жастарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу кезеңінде анықтауға және алдын-алу, емдеу шараларын уақтылы жүргізуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Сонымен бірге, министрлік өкілі электронды денсаулық сақтау жүйесімен бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды.

«Әскерге шақырылушы денсаулығының жай-күйі туралы сенімді ақпарат алмасу бойынша жергілікті денсаулық сақтау органдарымен өзара жұмысты күшейту қажет. Осы мақсатта жергілікті әскери басқару органдарының электрондық жүйесін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің электронды денсаулық сақтау жүйесімен біріктіру қажет. Бұл медициналық комиссия құрамына шақырылушының денсаулығы туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді және бұрынғы аурулары туралы ақпаратты жасыруға жол бермейді», - деді Б. Құрманов.