Астана-Петропавл тасжолында жол апатынан қаза болғандар Германия азаматтары болып шықты

0
144

​Қайтыс болған ерлі-зайыптының тоғыз жастағы қызы да жол апатынан зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген


Астана-Петропавл тасжолында жол апатынан қаза болғандар Германия азаматтары болып шықты

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. 10 тамызда Астана-Петропавл автожолының 97-шақырымында Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы мен ГАЗ-53 жүк көлігі соқтығысқан. Жол апатынан екі адам қаза тауып, сегіз адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген еді. Оқиғаның жаңа мәліметтерін Ақмола облысының полиция департаменті жариялады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Полицияның мәліметінше, қаза болғандардың екеуі де Германиядан келген ерлі-зайыпты болған. Ер адам Mercedes-Benz Sprinter көлігінің алдыңғы жолаушы орнында отырған. Апаттан кейін оны көліктің ішінен құтқарушылар алып шыққан. Ал әйелі алған ауыр жарақаттарынан кейін ауруханада көз жұмған.

Қайтыс болған ерлі-зайыптының тоғыз жастағы қызы да жол апатынан зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген. Осылайша, бір отбасының мүшелері жол апатынан қаза тауып, кішкентай қыздары медициналық көмекке мұқтаж болған.

Жалпы, Mercedes-Benz Sprinter көлігінің тағы жеті жолаушысы мен ГАЗ-53 көлігінің бір жолаушысы түрлі жарақат алған. Олардың барлығы медициналық мекемеге жеткізілді.

Қазір жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Mercedes-Benz Sprinter көлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу нәтижесінде жол апатының нақты себептері анықталып, тиісті процессуалдық шешім қабылданады.