Оқиға елордадағы мектептің кәдімгі кабинетінде болған.
Иллюстративті фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Астанадағы мектептердің бірінде 11-сынып оқушысының құрдастарына жасаған шабуылы буллингпен байланысты емес. Мектептегілер оқиға қудалау салдарынан болғаны туралы нұсқаны жоққа шығарды. Бұл туралы тек мектеп әкімшілігі ғана емес, оқушылардың өздері де айтқан, деп жазады tengrinews.kz.
Оқиға елордадағы мектептің кәдімгі кабинетінде болған. Бұл жағдай математика сабағы кезінде болған. Оқу орнындағылардың түсіндіруінше, сабақ әдеттегідей тыныш жағдайда өткен. Сондықтан мұндағылар оқиғаның себептері туралы тек болжам ғана жасай алады делінген материалда.
"Балалар өздерін әдеттегідей ұстады. Ешқандай агрессия, жанжал немесе осындай оқиғаның болатынын аңғартатын жағдайлар болған жоқ. Сабақ қалыпты өтіп жатқан, ол жақындап келіп, қорқытқысы келген - бұл оның өз сөзі. Оның айтуынша, ол сыныптасына пышақ көрсетіп, сескендірмек болған. Ол балалардың жетістіктеріне аздап қызғанышпен қарағанын айтады", - деді Астанадағы № 102 жалпы білім беретін мектептің директоры Эльмира Сұлтанова.
Сонымен қатар әлеуметтік желі қолданушылары мектеп оқушысы мұндай қадамға буллингтің кесірінен барған болуы мүмкін деп болжады.
Еске сала кетейік, бұған дейін қыз баланың мектепке пышақ әкеліп, екі сыныптасын жаралағаны хабарланған болатын. Оқиға фактісі бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғады. Қыздың заңды өкілдері баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
Қалалық полиция департаменті мектеп қауіпсіздігіне жауапты күзет ұйымының іс-әрекетіне құқықтық баға берілетініне уәде берді. Оқу орнының әкімшілігі кіреберісте келушілердің әрдайым металл іздегішпен тексерілетінін хабарлады. Бірақ сол күні күзетшілердің бірі мұны жасамаған. Мектеп директорының айтуынша, ол жазаланған.


