Астанада аяусыз соққыға жығылған 7 жасар бала ауруханадан бір-ақ шықты

0
294

​Баланың отбасы қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр.


Астанада аяусыз соққыға жығылған 7 жасар бала ауруханадан бір-ақ шықты

Фото: Azattyq Rýhy

ERNUR.KZ. Астанада 7 жастағы бала жасөспірімнің аяусыз соққыларынан кейін ауыр жарақат алды. Жәбірленушінің отбасы қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр, алайда олардың айтуынша, полиция әзірге ресми арызды қабылдамаған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оқиға 3 маусым күні қаладағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Жәбірленушінің анасының айтуынша, ұлын өзінен жасы үлкен – 6-сынып оқушысы қатты соққыға жыққан. Салдарынан бала мұрын сүйегі сынып, беттегі жұмсақ тіндері жыртылған. Қазір бала ауруханада ем қабылдап жатыр.

«Үйге келсем, балам ес-түссіз күйде жатты. Беті қанға боялған, шок жағдайында болды. Бірден ауруханаға алып бардық», – дейді анасы.

Анасының ашуын тудырған тағы бір жайт – шабуылдаған баланың анасы оқиғаны көргенімен, жедел жәрдем де, полиция да шақырмаған.

Отбасы кінәлі тұлғаны жауапқа тартуды талап етіп, полицияға жүгінген. Алайда әйелдің айтуынша, бүгінге дейін олардың ресми өтініші қабылданбаған.

«Бізді бір мекемеден екіншісіне жіберіп жатыр. Енді қайда бару керектігін білмеймін», – дейді жәбірленушінің анасы.

Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиға бойынша түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған оқиға тіркелген.

«Тексеру барысында оқиғаға 10 жастағы жасөспірімнің қатысы бар екені анықталды. Жас ерекшелігіне байланысты қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қылмыстық іс қозғалмады», – делінген ресми жауапта.

Соған қарамастан, заңда көзделген шаралар қабылданған.

«Жасөспірімнің заңды өкіліне қатысты баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қолданылды. Сондай-ақ, іс материалдары Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға қосымша шаралар қабылдау үшін жолданды», – деп толықтырды ведомство.

Бұған қоса, шабуыл жасаған жасөспірім профилактикалық есепке қойылған.

«Профилактикалық есеп – бұл полиция тарапынан бақылауды күшейту, педагогтар, психологтар және әлеуметтік қызметкерлермен жеке жұмыс жүргізу. Егер мұндай жағдайлар қайталанса, қатаң шаралар қабылданады. Астана қаласы Полиция департаменті ескертеді: ата-аналардың тарапынан тиісті бақылаудың болмауы мен әрекетсіздігі – құқықбұзушылыққа апаратын тура жол. Мұндай жағдайда заң бойынша жауапкершілік қарастырылған», – деп ескертті полиция өкілдері.