Астанада дүниежүзілік көшпенділер ойыны басталды: Алғашқы алтынды Франция спортшысы жеңіп алды

0
465

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанатында мемлекет басшысы сөз сөйледі.


Астанада дүниежүзілік көшпенділер ойыны басталды: Алғашқы алтынды Франция спортшысы жеңіп алды

ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ресми түрде ашты. Әлем елдерінің спортшылары қатысатын дода 8 қыркүйектен басталып, 13 қыркүйекке дейін жалғасады. Жамбы ату сайысынан басталған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында франциялық спортшы Raphael Malet қарсыластарынан басым түсіп, алғашқы алтын жүлдегер атанды, деп жазады stan.kz.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанатында мемлекет басшысы сөз сөйледі.

“Бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қош келдіңіздер! Бауырлас мемлекеттердің басшыларына зор ризашылығымды білдіремін. Мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғыс айтамын. Көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырды. Ұлы Дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен, олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді. Сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды”, – деді Тоқаев.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Жамбы ату сайысынан басталды. Бұл спорт түрінде қатысушылар ат үстінде отырып садақ атады.

Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының мәліметінше, алғашқы алтынды Франция спортшысы Raphael Malet ұтты. Екінші жүлделі орынды Моңғолиядан келген Altankhuyag Nergui иеленсе, қола медаль де француздық Gaëtan Blot-қа бұйырыпты.

Ал Қазақстан құрамасының спортшысы Абзал Тұлыбеков үздіктер бестігінде.

Жарыс "Қазанат" ипподромының жанындағы этноауыл аумағында өтеді. Төрт күнге дейін жалғасатын сайыстық алғашқы күнінде қатысушылар венгр стилінде сынға түсті. Бүгін жарыс азиялық стильде өтеді. 3-4 күні спортшылар жамбы атудың түрікше және қазақша нақышында сайысқа түседі.

“Қазақстан құрамасын ат садақ атудан үздіктердің бірі деп есептеймін. Олар өткен жылы Моңғолияда өткен әлем чемпионатында екінші орын алған. Олар көп еңбектенді, өздерінің шеберлігін дәлелдеді. Қазақстандық спортшылар финалистер қатарында болады деп ойлаймын. Іс-шараның атмосферасы мен бізді қабылдауы бізді қатты таңғалдырды. Халық өте қонақжай және мұнда келгенімізге өте қуаныштымыз”, – деді ат үстінде садақ ату бойынша француз халықаралық альянсының президенті Ален ле Галь.

Айта кетейік, дүбірлі сайысқа әлемнің 89 елінен 2430 спортшы қатысады. Қазақстан құрамасынан 261 спортшы сынға түседі.