Конгресс-орталығында өтіп жатқан сән апталығына 17 отандық, одан бөлек шетелдік дизайнерлер қатысуда
ERNUR.KZ. Елордада Қазақстан дизайнерлерінің «Kazakhstan Fashion Week» атты сән көрсетілімі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астананың Конгресс-орталығында өтіп жатқан сән апталығына 17 отандық, одан бөлек шетелдік дизайнерлер қатысуда. Көрсетілімде келесі жылдың көктем мен жаз мезгілдеріне арналған киім жинақтары таныстырылып жатыр.
«Бұл сән апталығы Қазақстанда осымен 23-ші рет, ал Астанада 9-шы рет ұйымдастырылуда. Біз 20 жылдан бері отандық сән саласын дамытумен айналысып келеміз. Осы уақыт аралығында сән әлемінде өзіндік қолтаңбамызды қалдырдық деп ойлаймын. Басты мақсат - жас дизайнерлерге мүмкіндік беру, олардың өнімдерін таныстыра отырып, ішінен үздік дегендерін әлемдік нарыққа шығару», - деді «Kazakhstan Fashion Week» сән апталығының бас продюсері Ирина Байжанова.
Үш күнге созылатын сәнқойлар мерекесі аясында еуропалық IED дизайн институтының ұйытқы болуымен жас дизайнерлердің халықаралық байқауының финалы өтеді. Одан бөлек, сән апталығының қатысушыларына Италия мен Бельгиядан арнайы шақыртумен келген сәнқой мамандардың шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.
«Жас дизайнерлер байқауына өз еліміз бен алыс-жақын шетелден 600-ден астам өтінім келіп түсті. Дегенмен, көп жұмыстар байқау талабына сәйкес келмегендіктен, жартылай финалға тек 60 дизайнерлік жұмыс таңдап алынды. Оның ішінен әділқазылар алқасы бүгінгі финалға үздік деген 15-ін қатыстырып жатыр. Финал жеңімпаздары Италия мен Испанияға 3 апталық дизайнерлік тағылымдамаға жолдама алады», - деді Ирина Байжанова.
21-23 қараша күндері өтетін сән шарасына көпке танымал Қорлан Мәди, Динара Сәтжан секілді дизайнерлермен қатар, Ресей, Италия, Бельгия және Грузиядан келген белгілі дизайнерлер қатысады.