Астанада селфи жасамақ болған азамат Есіл өзеніне құлап кетті

0
108


Астанада селфи жасамақ болған азамат Есіл өзеніне құлап кетті

Фото: ТЖМ
ERNUR.KZ. Астанада селфи жасамақ болған 29 жастағы ер адам Есіл өзеніне құлап кетті. Дер кезінде жеткен құтқарушылардың арқасында азамат аман қалды, деп жазады Stan.kz.

Оқиға су айдынын патрульдеу кезінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 1997жылы туған ер адам алкогольдік мас күйде болған. Ол "Атырау" жаяу жүргіншілер көпіріне шығып селфи жасамақ болған кезде тайып кетіп, суға құлаған.

Алғаш болып зардап шеккен адамға жақын маңда жүрген серуен қайығының экипажы көмек көрсеткен. Олар ер адамға құтқару шеңберін лақтырып, оны жағаға жақындатқан.

Осы сәтте оқиға орнына ТЖМ құтқарушылары да жетіп үлгерген. Олар астаналық тұрғынды құтқару қайығына көтеріп, жедел-құтқару жасағының базасына жеткізіп, дәрігерлерге тапсырды. Алдын ала мәлімет бойынша, қазіргі жағдайы қанағаттанарлық.

Осы оқиғаға байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға үндеу жасады:

"Әсерлі сурет үшін өміріңізді қатерге тікпеңіз. Су айдындарының жанында қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз. Қоршаудан асырмаңыз және су жиегіне жақындамаңыз, әсіресе алкогольдік мас күйде болғанда", – деп ескертті ТЖМ.