Жанна Пралиеваның айтуынша, аурудың өршуіне иммунитеті жоқ адамдардың көп болуы әсер етеді.
ERNUR.KZ. Астанада жыл басынан бері қызылшаның 1699 жағдайы тіркелді. Ауруға шалдыққандардың шамамен 80%-ы түрлі себеппен вакцина алмаған. Бұл туралы Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева мәлімдеді, деп жазады baq.kz.
Жанна Пралиеваның айтуынша, аурудың өршуіне иммунитеті жоқ адамдардың көп болуы әсер етеді.
Вакцина алмағандардың арасында ата-анасы екпеден бас тартқан балалар, медициналық қарсы көрсетілімдері бар және профилактикалық екпені уақытында алмаған адамдар бар.Ауруға шалдыққандардың шамамен 80%-ы түрлі себептермен вакцина алмаған адамдар. Бұл деректер иммунитеттің болмауы инфекцияның таралуындағы негізгі қауіп факторы екенін дәлелдейді,- деді ол.
Маман халықтың басым бөлігі вакцинамен қорғалған жағдайда вирустың таралуы тежелетінін атап өтті. Сондықтан қызылшаның алдын алуда екпемен қамтуды жоғары деңгейде сақтау маңызды.
Пралиева ата-аналарды балаларының екпе мәртебесін тексеруге шақырды. Оның сөзінше, медициналық қарсы көрсетілім болмаса, вакцинадан бас тарту баланың аурудың ауыр түріне шалдығу қаупін арттырады және инфекцияның әрі қарай таралуына ықпал етуі мүмкін.


