Кәсіпорында жүргізілетін жұмыстар шамамен бір айға созылады.
Фото: kmg.kz
ERNUR.KZ. Атырау мұнай өңдеу зауыты 26 маусымнан бастап өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы "Азаматтық қорғау туралы" ҚР Заңының талаптарына және Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жоспарлы алдын алу жөндеу жұмыстарына тоқтайды, деп жазады inbusiness.kz.
Жөндеу кезеңінде зауыттағы технологиялық қондырғыларға толық техникалық сараптама мен куәландыру жүргізіліп, жабдықтардың жай-күйі тексеріледі. Бұл – өндірістің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жыл сайынғы міндетті рәсім.
"Жоспарлы жұмыстар аясында 20 реактор, 213 сыйымдылық, 32 колонна және 231 жылу алмастырғыш жабдықты міндетті техникалық куәландыру, сондай-ақ құбыр желілерінің жекелеген учаскелерін ауыстыру жоспарланған.
Ластаушы заттардың атмосфераға таралуын барынша азайту мақсатында жабдықтарды тазалау процесі жабық дренажды жүйеде жүргізіледі", – делінген хабарламада.
Зауыт әкімшілігінің мәліметінше, жоспарлы жөндеу заманауи әрі күрделі технологиялық жүйелердің тұрақты жұмысын сақтауға, жабдықтардың тиімділігін арттыруға және өндірістік процестердің үздіксіз әрі қауіпсіз жүруіне мүмкіндік береді.
Атырау мұнай өңдеу зауыты Қазақстандағы ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі саналады және елдің жанар-жағармай нарығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Қазіргі таңда зауыттың резервуарлық паркінде жиналған қор көлемі: 38 мың тонна автобензин, 31,3 мың тонна дизель отыны және 6,8 мың тонна авиациялық отын қоры жинақталған.


