Оқыс оқиға 16 қазан күні сағат 20:50 шамасында болған.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Атырауда Привокзальный шағын ауданындағы пәтерге шақыртумен барған учаскелік инспекторды мас әйел пышақтап тастады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Атырау қаласының Привокзальный шағын ауданындағы үйлердің бірінде 16 қазан күні сағат 20:50 шамасында болған отбасылық жанжал – қоғамдық тәртіпті бұзу туралы хабарлама бойынша екі учаскелік полиция инспекторы оқиға орнына барған.
Полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленушілерді қорғау жөніндегі өз міндеттерін атқару барысында әрекет етті. Құқық бұзушы ер адамды полиция бөліміне жеткізу кезінде пәтерде болған оның әйелі – мас күйінде – кенеттен учаскелік инспекторлардың бірінің арқа тұсына ас үй пышағымен жарақат салған.
Әріптесінің кәсіби және жедел әрекетінің арқасында шабуылдың жолы кесілді.
Жарақат алған полиция қызметкері Атырау облыстық ауруханасына жеткізілді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қылмыс құралы – ас үй пышағы тәркіленді.
«Күдіктінің іс-әрекеті полиция қызметкерлерінің бейнежетонына жазылып алынған. Әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Атырау облысы полиция департаменті құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану қылмыстық жауаптылыққа әкелетінін еске салады.
Учаскелік инспекторлар күн сайын ең қиын өмірлік жағдайларда азаматтарға алғашқы болып көмекке келеді. Әрбір осындай шақыру – олар Заң мен тәртіп үшін қабылдайтын нақты қауіп-қатер», – делінген облыстық ПД хабарламасында.