Атырауда оқушы қыз мектеп аумағындағы жаттығу құрылғысынан жарақат алып, саусағынан айырылды

0
618

Мектеп әкімшілігінің хабарлауынша, оқыс оқиға 15 мамыр күні таңертең, сабақ басталмай тұрып, бірнеше минут бұрын болған.


Атырауда оқушы қыз мектеп аумағындағы жаттығу құрылғысынан жарақат алып, саусағынан айырылды

Фото: 2GIS
ERNUR.KZ. Атырауда бірінші оқушысы ауладағы жаттығу құрылғысының кесірінен ауыр жарақат алды. Оқыс оқиға 15 мамыр күні таңертең Жұмекен Нәжімеденов атындағы №2 орта мектептің аумағында болған, деп жазады Stan.kz



Бала қолымен жаттығу құрылғысын пайдаланған кезде металл бөлшек саусақтарын қысып қалып, нәтижесінде саусағының сүйек бөлігі (фалангасы) ампутацияланған. Ал екінші қолындағы аты жоқ саусағы сынған.

Мектеп әкімшілігінің хабарлауынша, оқыс оқиға 15 мамыр күні таңертең, сабақ басталмай тұрып, бірнеше минут бұрын болған. Сынып жетекшісі оқушыларды мектеп ауласындағы жаттығу құрылғыларына апарған. Алайда бұл құрылғылар жоғары сынып оқушыларына арналған және бастауыш сыныптағы балалардың қолдануына тыйым салынған.

Аталған жаттығу құрылғылары 2019 жылы мектеп алаңына орнатылғанымен, мектеп теңгерімінде тіркелмегені анықталған. Мектеп директорының міндетін атқарушы Жанна Күлбатырованың айтуынша, оқиға кезінде құрылғы ақаусыз болған, бірақ оны кіші жастағы балалардың пайдалануы қауіпсіздік нұсқаулығына қайшы келеді. Оқиға орын алған бойда жедел жәрдем шақыртылған, ал келесі күні оқушының ата-анасы полицияға арыз түсірген.

Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда бұл іс бойынша қылмыстық кодекстің 141-бабы "Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.