Тексеру жұмыстарын Атырау облысы бойынша Экология департаменті жүргізген.
Фото: © istockphoto.com
ERNUR.KZ. Атырау облысында мұнай өндірумен айналысатын «Потенциал Ойл» ЖШС экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін 1,4 миллиард теңгеден астам әкімшілік айыппұл төлеуге міндеттелді. Тексеру жұмыстарын Атырау облысы бойынша Экология департаменті жүргізген, деп жазады Azattyq Rýhy.
Атырау облыстық Экология департаментінің мамандары компания қызметін тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, өндірістік экологиялық бақылау жүргізілмеген, сарқынды сулар мониторингі талаптары сақталмай, тиісті есептілік уақытылы ұсынылмаған. Сонымен қатар шекті рұқсат етілген шығарындылар нормативтері асып, компания тиісті экологиялық рұқсаттарсыз жұмыс істеген. Тексеру кезінде жер қойнауы мен топырақтың мұнай өнімдерімен ластанғаны және қалдықтарды басқару талаптарының бұзылғаны да анықталды.
Компанияға салынған әкімшілік санкциялардың жалпы сомасы 1 млрд 433,8 млн теңгені құрады. Қазіргі уақытта кәсіпорын бұл соманың тек 21,9 млн теңгесін ғана төлеген.
«Потенциал Ойл» ЖШС қалған 1 млрд 411,9 млн теңге көлеміндегі айыппұлды сот арқылы дауламақ болды. Дегенмен бірінші және апелляциялық инстанциядағы соттар экологтардың талабын заңды деп тауып, компанияның шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.
Экология департаменті егер кәсіпорын қарызды заңмен белгіленген мерзімде өз еркімен өтемесе, қаулылар мәжбүрлі түрде өндіріп алу үшін сот орындаушыларына жіберілетінін ескертті.


