Ұлытау облысының Жайрем кентінде бірге тұрған әйелін аса қатыгездікпен өлтірген ер адам енді 13 емес, 17 жылға бас бостандығынан айырылатыны белгілі болды.
Фото: ҚР ІІМ
ERNUR.KZ. Жаза мерзімін ұзартуға прокуратураның апелляциялық шағымы негіз болды. Прокурорлар алғашқы сот үкімімен келіспей, қылмысты аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру ретінде саралауды талап етті, деп жазады inform.kz.
Марқұм отбасын жалғыз өзі асырап, кәсіпкерлікпен айналысқан. Оның дүкені болған, сондай-ақ баспана жалға беріп, табыс тапқан. Қайтыс болған әйелдің төрт баласы болған, олардың бірі мүгедектігі бар бала.
Бұған дейін хабарланғандай, қайғылы оқиғадан аз уақыт бұрын әйел ер адаммен қарым-қатынасын тоқтатуға шешім қабылдаған. Алайда оған уақытша өз пәтерінде тұруға рұқсат берген. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл күндіз дүкенде жасалған. Ер адам әйелге пышақ жарақатын салып, ол оқиға орнында көз жұмған. Қылмыстан кейін ер адам өзіне де қол жұмсамақ болған.
Бастапқыда сот айыпталушының әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі (адам өлтіру) бойынша саралаған. Алайда Ұлытау облысының прокуратурасы бұл шешіммен келіспей, апелляциялық наразылық енгізді. Прокурорлар қылмыстың аса қатыгездікпен жасалғанын алға тартып, оны қайта саралауды талап етті.
Апелляциялық сатыдағы сот прокурордың уәждерімен келісіп, сотталған азаматтың әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағына, яғни аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру санатына жатқызды.
Осылайша, бас бостандығынан айыру мерзімі 13 жылдан 17 жылға дейін ұзартылды. Сот актісі заңды күшіне енді.


