"Басшы тапсырмасын орындады"
Оқиға 31 тамызда болған. Электровоз жүргізушілері Бердығали Ғабдуллин мен Ержан Қойманов жұмыс уақытында Мойынтыдан Ағадырға келе жатып, тоққа түседі. Өйткені желіде тоқ өшіп қалып, электровоз тоқтап қалған. Ал машинистер басшылықтың тапсырмасымен сол электровозды жөндеген.
"Оларға тоқ өшетіні туралы алдын ала ескертілмеген. Электровоз 10 минуттай тоқтап тұрады, сосын тоқ беріледі. Бірақ машинистер электровозды жүргізе алмайды. Өйткені электровоз ескі, ауа кетіп қалған. Көмекке қосымша электровоз шақыртады. Бірақ ол да жүргізе алмаған. Басшысы инструктор Ұлан Түкенов пен депо кезекшісі Мейрамбек Әмрин "электровозды қалай да жүргізіп алып шығыңдар" деп тапсырма берген. Машинист Ержан Қойманов электровозға кіріп жөндеймін дегенде оны тоқ ұрады, оны құтқарамын деген көмекшісі, яғни менің күйеуімді де тоқ соғады", - дейді машинист көмекшісі Бердығали Ғабдуллиннің жұбайы Перизат Сейдахмет.
Екі машинисті қарама-қарсы бағытта келе жатқан электровоз жүргізушілері көріп, Мойынты ауруханасына апарады.
"Ол жерде аурухана деген жоқ, емхана ғана бар. Алғашқы көмек көрсетіп, түнгі екі шамасында қайтадан пойызбен 3-4 сағаттық жердегі Ағадырдың ауруханасына жеткізеді. Жағдайлары өте ауыр болған. Ол ауруханада бір тәуліктей жатқан. Біз қанша шуласақ та Қарағандыға жібермеді. Санитарлық авиацияға, 112-ге өзіміз хабарластық. Кешкі жетіде ғана Қарағандыдан жедел жәрдем келді", - дейді Перизат Сейдахмет.
Зардап шеккендердің отбасы "Қазақстан темір жолы" тарапынан ешбір көмек болмағанын айтады.
"Ұлттық компания тарапынан ешбір көмек болмады. Бізге тек ауырғаны үшін ғана төлемақы төлеп отыр. Ол 98 мың теңге ғана. Қазақстан темір жолының мамандары ауруханада жатқан кезде ғана келді, одан кейін көрмедік. Акт жасаған, ол жерде екі машинистің өздері кінәлі деп көрсеткен. Бұлардың кінәсі – басшының тапсырмасын орындағаны ғана. Егер орындамаса, сыйақылары, еңбекақыларын кесер еді. "Тез-тез болыңдар, басқа пойыздарды ұстап тұрсыңдар" деп басшылығы асықтырған. Өйткені бұлардың әрбір минуттары есептеулі", - дейді зардап шеккен жұмысшылардың отбасы.
Басшының айқайына көніп, тоққа түсті, дейді туыстары. Әріптесін құтқармақ болған машинист көмекшісі Бердығали Ғабдуллиннің денсаулығына айтарлықтай зақым келген.
"Әу баста екі көзі мүлдем көрмей қалды, қазір біртіндеп қалпына келіп жатыр. Басынан қатты зақым алып, қолы күйіп қалған. Жүрегінде өзгеріс бар, аппарат қойдырдық. Оның өзінде ақшалай мүмкіндік жоқ, жақында ғана қойдырдық", - дейді электровоз жүргізушісінің жұбайы.
Басшылық тапсырмасын шұғыл орындамақ болған машинист Ержан Қоймановтың да жағдайы өте ауыр. Ол екі айдан аса жансақтау бөлімінде жатқан. Отбасына оралғанына бір ғана апта болған. Айта кетейік, Ержан Қоймановтың бұл саладағы еңбек өтілі - 16 жыл.
"Ағадыр ауруханасында ауыр жағдайдағы науасқа көмек көрсететін мүмкіндік болмаған. Сол жерде бір тәулік ұстаған. Бас дәрігерге "күйеуімді қалаға жеткізейік" деп өтініш жасап, ақыры шулатып, өзіміз шақырдық. "Санитарлық ұшақ келеді, міне ұшады" деді. Әбден екі сағат өткен соң ұшақтың майы ағып кетіп, ұша алмағанын айтты. Сөйтіп шулап жүргенде тағы бір тәулік өтіп кетті. Реаниматолог дәрігер "Егер тағы кешіксеңіздер, күйеуіңіздің миы қабынып, комаға түседі" деді. Сөйтіп дәрі жазып берді, біз дәріні әупірімдеп алдырдық, күйеуіме система қойды. Әбден кешке Ағадырға Қарағандыдан жедел жәрдем келді", - дейді Ержан Қоймановтың жұбайы Назгүл Хабылхах.
Ауыр жараланған екі машинистке бір тәуліктен аса ең қажетті көмек көрсетілмеген.
"Менің күйеуім екі айдан астам жансақтау бөлімінде жатты. 27 мың вольттық тоқ соққан. Дәрігерлер денесінің 55%-ы күйік, 35%-ы терең күйік деді. Жағдайы әлі де жақсы емес. Дәрігерлердің айтуынша, толық қалпына келу үшін екі жылдай уақыт керек. Міне үш ай болады, ҚТЖ тарапынан ешбір көмек берілген жоқ. Керісінше, менің күйеуімді кіналап отыр", - дейді машинистің жұбайы.
Ержан Қойманов отбасының жалғыз асыраушысы, үш баланың әкесі.
"Күйеуімнің бұл саладағы еңбек өтіліне 16 жыл. Оған "пойызды 20 минутта жүргізіңдер" деп бұйрық берген. Электровоздың ескі, сынық екені туралы барлық құжаттар бар қолымызда. КТЖ өз кінәсін мойындамай отыр", - дейді Назгүл Хабылхах.
Бердіғали Ғабдуллиннің әріптесін құтқарып қалған еңбегі тіпті еленіп те жатқан жоқ, дейді зардап шеккен отбасы.
"Машинистердің айыбы – басшылықтың тасырмасын орындағаны ғана. Егер бұйрық бермесе, менің күйеуім қауіпті жерге кірмес еді. Кеше келген емес, 16 жыл тәжірибесі бар маман. Электровоздың сынып тұрғанын біле тұра оны жолға шығарған. Соның салдарынан күйеуім мүгедек болып қалды. Қарапайым жұмысшылар осылай мүгедек болып қала беру керек пе?", - дейді ауыр жараланған машинистің жұбайы.
"Өндірістік жарақат емес"
Sputnik Қазақстан тілшісі "Қазақстан темір жолына" сұрау жолдады. Ұлттық компания бұл мәселемен еңбек министрлігі айналысқанын айтты.
Ал еңбек министрлігінің айтуынша, бұл істі Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы тексерген. Инспекция бұл жағдайды өндірістік жарақат емес деп таныпты.
"Осы оқиғадан кейін Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы оқиғаны арнайы тергеп-тексеру жөніндегі комиссия құру туралы бұйрық шығарды. Комиссия оқиғаның мән-жайы мен себептерін зерделеді. Арнайы тергеп-тексеру нәтижелеріне сүйене отырып, комиссия мүшелерінің көпшілігі бұл оқиғаның өндірістік жазатайым оқиғаға жатпайтыны туралы қорытындыға келді", - дейді еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі.
Министріктің мәліметінше, Еңбек кодексінің 190-бабының 2-тармағына сәйкес, Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы комиссия мүшелерінің көпшілігі жасаған қорытындымен келіспей, өзінің жеке пікірін білдірді. Онда аталған оқиға өндірістік жазатайым оқиға ретінде жіктеліп, екі тараптың да ішінара жауапкершілігі бар екені анықталды.
Келіспеушілік туындаған жағдайда, заңнама мүдделі тараптарға қабылданған шешімдерге қатысты сотқа шағымдануға болады, дейді министрлікте.