ERNUR.KZ АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі (USDA) мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің астық өнімділігі бойынша деректеріндегі 8 млн тонна айырмашылық туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады, деп жазады sputnik.kz.
USDA мәліметі бойынша Қазақстан 18 млн тонна астық жинаған, бұл тек бидайға қатысты дерек. Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, 26,7 млн тонна жиналды, бұл дәнді және бұршақты дақылдарды қоса есептегенде (арпа, сұлы, асбұршақ, жасымық және т.б.).
Облыс әкімдіктерінің жедел мәліметтері бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 16,7 млн га аумақтан жиналып, орташа өнімділік 16,1 ц/га құрады.
"2024 жылғы өнім туралы деректердің асыра көрсетілгені туралы пікірдің дәлелдері су тасқыны салдарынан өнімділік төмендеді деген тұжырымға негізделген. Алайда су басқан аумақтар ауылшаруашылық жерлерінің аз ғана бөлігін (3,8 мың га) қамтыды, бұл шығындарды комиссия растады", - делінген министрлік хабарламасында.
Министрліктің хабарлауынша, минералдық тыңайтқыштар мен ауылшаруашылық техникасының жетіспеушілігі туралы басқа дәлелдер де негізсіз. Соңғы 5 жылда тыңайтқыштарды қолдану көлемі 2020 жылғы 600 мың тоннадан 2024 жылы 1,2 млн тоннаға дейін 2,2 есеге артқан.
Сондай-ақ ауылшаруашылық техникасын жаңарту қарқыны бойынша да өсім бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сала техника паркін жаңарту деңгейін 5,5%-ға жеткізді.