Бір ажалдан аман қалған келіншек медицина қызметкерінің салғырт әрекетіне күйінеді.
ERNUR.KZ. Жетісу облысында жедел жәрдем қызметкері демікпе дертіне шалдыққан әйелге қан қысымын көтеретін уколды шатастырып салып жіберген, деп жазады Stan.kz.
20 тамыз күні болған оқиғаны Светлана Койчубаева үреймен еске алады. Айтуынша, дем жетіспей, тынысы тарылған соң жедел жәрдем шақыртқан. Бірақ келген фельдшер астмаға ем болатын уколдың орнына, қан қысымын көтеретін ерітіндіні салып жіберген. Дәл сол укол тамырыма тараған соң, бірден қан қысымым 160-қа дейін көтеріліп, аузымнан көбік ақты дейді. Бір ажалдан аман қалған келіншек медицина қызметкерінің салғырт әрекетіне күйінеді. Ол қызметіне атүсті қарады маманды жауапқа тартуды талап етіп отыр.
“Мен бронхиалды астманың ауыр түрімен 6 жылдан бері ауырамын. Оған қоса гипертония диагнозы қойылған. Дем жетпей, жүрегім қысылып әрең отырғанымда маған қан қысымын көтеретін укол салып жіберді. Демікпем аздай, енді қан қысымым қайта-қайта көтеріліп, арнайы аппараттың көмегімен ғана тыныстап отырмын”, – дейді Ескелді ауданының тұрғыны Светлана Койчубаева.
Светлана осы жәйттен кейін қос жанарымның көруі күрт нашарлап, жиі-жиі қан қысымым көтеріле береді дейді. Оған дем жетіспегенде салынатын эуфиллиннің орнына қан қысымын көтеретін допамин ерітіндісін салып жіберген. Бұл сұмдықты Жетісу облыстық жедел жәрдем станциясының директоры толықтай растап отыр.
“Фельдшердің айтуынша, сол күні науқастың үйі қараңғы болған. Сол себепті, жедел жәрдемнің арнайы қорабында қатарынан тұрған эуфиллин мен допаминді шатастырып алған. Мұндай қателікке жол берген фельдшердің негізгі еңбек өтілі 20 жыл. Қазір ол жұмыстан шығарылды”, –дейді Савелий Пак.
Енді өз кінәларын жуып-шаймақ болған жедел жәрдем басшылығы екі сағат сайын мамандарды науқастың үйіне жіберіп, денсаулығын қадағалап отыруға дайынбыз дейді. Бірақ Светлана Койчубаева бізбен сөйлескісі жоқ деп отыр. Ал фельдшердің салғырттығынан жағдайым тіптен нашарлады деген келіншек, қазір медицина қызметкерлеріне денсаулығын сеніп тапсырудан қорқып қалғанын айтады.