​Аз сомада мобильді аударым алғандарға салық салмау ұсынылды

0
127

Мобильді аударымдар тек Kaspi емес, барлық банкте бақыланады.


​Аз сомада мобильді аударым алғандарға салық салмау ұсынылды

Фото: Виктор /ФедюнинKazinform

ERNUR.KZ. Қазақстанда өте төмен сомада мобильді аударым алатын адамдарға салық салмау ұсынылып отыр. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы айтып берді, деп жазады inform.kz.

Маманның айтуынша, қазіргі өлшемшартта аударым сомасына еш меже қойылмаған. Ай сайын 100 адам 100 теңгеден аударса да, кірістер органдарының назарына ілінеді.

− Осыған байланысты, Қаржы министрлігі тарапынан ұсыныс берілген болатын. Кәсіпкерлік кодексінде 12 еселенген ең төменге жалақыға дейін (1 020 000 теңге) әрбір адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей өз қызметін жүргізуге, табыс табуға мүмкіндігі бар. Осы нормадан аттап кетпеу мақсатында, өте төмен сомада мобильді аударым алатын адамдарды әкімшілендірмеу мақсатында ай сайын 100 немесе одан да көп тұлғалардан үш ай қатарынан, жалпы сомасы 255 мыңнан асатын аударым қабылданса, сонда ғана назарға алынсын деген ұсыныс берілді. Бұл қазір Ұлттық банкпен келісу сатысында, әлі қолданыста емес, − деді Ерсайын Көптілеуұлы агенттіктің «Bizdin orta» подкастында.
Бұл ретте 255 мың теңге – ең төменгі жалақының (85 мың теңге) үш еселенген мөлшері.
− Қазір бір аударымның өзі 255 мыңды құрауы мүмкін, олар назарға алынбайды. Сондықтан, үш ай қатарынан үш төменгі жалақы мөлшерінен асатын аударымдарды ғана назарға алу ұсынысын енгіздік. Алдағы уақытта бұл қолданыста болуы мүмкін, - дейді комитет өкілі.

Мобильді аударымдар тек Kaspi емес, барлық банкте бақыланады.