Азаматтық некедегі күйеуін пышақтаған әйел адам сот залында босатылды

0
154

Қанды қылмыс өткен жылдың 25 қазанында болған.


Азаматтық некедегі күйеуін пышақтаған әйел адам сот залында босатылды

ERNUR.KZ. Сәтбаев қалалық соты азаматтық некедегі күйеуіне пышақ сұғып алған әйел адамға үкім шығарды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Облыстық сот мәліметінше, 25.10.2024 жылы сағат 18:30 шамасында сотталушы «А» өзінің ортақ таныстары «М»., «А», азаматтық некедегі күйеуі «С»-мен бірге, Сәтбаев қаласының үйлерінің бірінің аумағында спирттік ішімдік ішкен. Ішімдік ішу салдарынан және қызғаныш себебінен сотталушы «А» мен оның азаматтық некедегі күйеуі «С» арасында жанжал туындаған соң, сотталушы өзінің үйіне кетіп, пәтеріне кіріп есікті ішінен кілттеп алған.

Осыдан соң азаматтық некедегі күйеуі «С» жанжалдың нақты бір шешімге келмегеніне қанағаттанбай, есікті қағып пәтерге кірген. Пәтер ішінде екеуінің араларында туындаған жанжал одан бетер ушыққан. Жанжал барысында «С» сотталушы «А»-ға әртүрлі балағат сөздер айтып, екеуі жұлқыласқан, осы сәтте сотталушы ас бөлмесінде бола тұра, сол қолына үстелдің үстіндегі ағаш сапты, ал оң қолына қара түсті ас үй пышағын алып, күйеуінің ішіне 1 мәрте соққы жасап, денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген.

Нәтижесінде, «С» «алдыңғы қабырға қуысына сұғылған пышақ жарақаты, геморрологиялық шок, алкогольдік масаң күйде болуы» бойынша Сәтбаев қаласының орталық ауруханасына жеткізілген.

«Сот отырысында сотталушы «А» кінәсін толығымен мойындады, сондай-ақ, оның кінәсі сот-медициналық сараптама қорытындысымен, оқиға орнын қарап-тексеру хаттамасымен, куәлардың жауаптарымен және т.б. сотқа ұсынылған және сотта зерттелген дәлелдермен расталды.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының жасаған әрекетінің қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды ескерді.
Сот үкімімен «А» ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша 3 (үш) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы тағайындалды. ҚК-нің 63-бабы қолданылып, тағайындалған жаза шартты деп есептелді.
Сотталушы «А»-ға қолданылған «қүзетпен ұстау» түріндегі бұлтарпау шарасының күші жойлып, сот мәжіліс залында дереу қамаудан босатылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген сот хабарламасында.