Азат Перуашев Конституцияның тек қағаз жүзінде қалмауы үшін не істеу қажет деген сұраққа да жауап берді.
ERNUR.KZ. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев «Референдум-2026» онлайн-марафоны барысында жаңа Конституция жобасындағы бірқатар нормалар мен олардың қазақстандықтар үшін маңызы туралы айтты.
«Жаңа Конституция жобасында адам мен азаматтың құқықтарын жай ғана жақсартуға емес, оларды күшейте қорғауға бағытталған бірқатар принципті маңызды жаңашылдықтар көзделгеніне назар аударғым келеді. Атап айтқанда, тұрғын үйді қорғау құқығы бекітіледі, яғни жалғыз баспананы сот шешімінсіз алып қоюға немесе одан шығарып жіберуге тыйым салынады», – деді Азат Перуашев.
Сонымен қатар депутаттың айтуынша, азаматқа мемлекеттік органдар немесе лауазымды тұлғалардың әрекеттерінен келтірілген залал үшін өтемақы талап ету құқығын көздейтін норма енгізіледі.
Азат Перуашев Конституцияның тек қағаз жүзінде қалмауы үшін не істеу қажет деген сұраққа да жауап берді.
«Көп нәрсе азаматтардың өздеріне, олардың конституциялық құқықтарын, соның ішінде меншікке және тұрғын үйге деген құқықтарын қорғауға дайын болуына байланысты болады. Маңыздысы – Негізгі заң жобасында кінәсіздік презумпциясы күшейтілген. Атап айтқанда, «Миранда ережесі» деп аталатын қағида бекітіледі. Оған сәйкес, адам қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған жағдайда да, оған міндетті түрде оның конституциялық құқықтары түсіндіріліп оқылуы тиіс», – деп түсіндірді спикер.
Сонымен қатар Конституцияда алғаш рет адвокатура ұғымы енгізіліп, оның өкілеттіктері бекітіледі. Жалпы алғанда, құжат адамға бағытталған (адамға бағдарланған) сипатқа ие, – деп түйіндеді Азат Перуашев.


