Әзербайжаннан трансұлттық ұйымдасқан топтың мүшесі экстрадицияланды

0
444

Күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған.


Әзербайжаннан трансұлттық ұйымдасқан топтың мүшесі экстрадицияланды

Қазіргі уақытта ол Астана қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен трансұлттық ұйымдасқан топтың қызметіне қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Әзербайжаннан Түркия азаматын экстрадициялады. Ол 2020 жылдың шілдесі мен тамызы аралығында трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында Қазақстаннан 24 келіден астам алтынды контрабандалық жолмен әкетуге қатысқан деп күдіктеледі, - делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Осы қызметтің салдарынан мемлекетке 633 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.

Қылмыс жасағаннан кейін қатысушылар тергеуден жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған. 2023 жылдың шілдесінде күдікті Әзербайжан аумағында ұсталды. Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркілеп, сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.