"Барни" үшін болған жанжал: 19 жастағы Мадинаның денесі қайта сараптама жасау үшін эксгумацияланды

0
226

Эксгумация жүргізілгені туралы заңгер Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.


фото: Желі кадрларынан скрин

ERNUR.KZ. Алматы маңында Жамбыл облысында қаза тапқан 19 жастағы Мадина Рашидқызының (Авезова) денесі эксгумацияланды. Марқұмның туыстары оның өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін айтып, сот-медициналық сараптаманы қайта жүргізуді талап еткен, деп жазады stan.kz.

Эксгумация жүргізілгені туралы заңгер Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен тиісті мамандар жұмыс істеген.

Заңгердің айтуынша, марқұмның туыстары алғашқы сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сенбегендіктен, Алматыда қайта комиссиялық сараптама жүргізуді сұраған.

"Жаңа тағайындалған сараптама – қайталама сот-медициналық комиссиялық сараптама. Біз оны Алматыда қайта жүргізуді сұрадық. Сондықтан бүгін жәбірленуші тараптың өтініші бойынша эксгумация жасалды. Өйткені алғашқы сот-медициналық сараптаманың нәтижесіне сенбейміз", – деді Инга Иманбай.

Жамбыл облысы полиция департаменті Мадинаның өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы (Өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады.

Марқұмның күйеуі іс бойынша қорғауға құқығы бар куәгер ретінде өтіп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін қайғылы жағдай Жамбыл облысының Меркі ауылында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Өзбекстан азаматы, 19 жастағы Мадина сегіз айлық сәбиін қалдырып, өзіне қол жұмсаған. Алайда оның өліміне дейінгі жағдайлар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қыз қайтыс болар алдында құрбысымен хат алмасып, күйеуі Мадиярдың өзіне үнемі қысым көрсетіп, күш қолданатынын айтқан.

Марқұмның жақындарының сөзінше, соңғы жанжалға балаға деп сатып алынған "Барни" тәттісін Мадинаның жеп қоюы себеп болған. Құрбысы қыздың денесіндегі көгерген іздерді көргенін және жарақаттарының суреттерін алғанын айтқан. Мадина соққыдан кейін күйеуінен кетіп, ажырасуға өтініш беруді жоспарлаған. Марқұмды жерлеу рәсіміне журналистер де қатысып, қоштасу рәсіміне күйеуінің туыстары келмегеніне назар аударған.