"Әзірге қылмыс құрамы жоқ": Бозымбаев өртке қатысты жедел шаралар туралы баяндады

0
84

Өрт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі.


фото: Sputnik / Санат Имангалиев

ERNUR.KZ. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев үкімет отырысында Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өртке байланысты қабылданып жатқан жедел шаралар туралы баяндады, деп жазады sputnik.kz.
Оның айтуынша өрт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп, өрттің себебі анықталуда. Әзірге қылмыс құрамы жоқ. "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі).
"Сіздің тапсырмаңыз бойынша кеше мен Үкіметтік комиссияның отырысын өткіздім, жерлеу рәсімін ұйымдастыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, өрттің туындау себептерін анықтау, сондай-ақ осындай жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізу бойынша бірқатар тапсырма бердім", - деп баяндады Қанат Бозымбаев.
Еске сала кетейік, кеше сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке тұрғын үйден өрт шықты. Екі қабатты үй толығымен өртке оранып, шатыры ішінара опырылған. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің күш-құралдары дереу жіберілді, өрт сағат 07.22-де сөнірілді.
Өкінішке қарай, өрт орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы бала. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.