2020 жылға дейін "Азия Авто" Қазақстанда автокөлік құралдарын өндіру бойынша көшбасшы орынға ие болды.
ERNUR.KZ. Өскеменде жұмыс істемей тұрған "Азия Авто" автоқұрастыру кәсіпорнының әкімшілік-өндірістік кешендері электрондық аукционға шығарылды, деп жазады ulysmedia.kz.
Зауыттың жалпы ауданы 3 448 шаршы метр ғимараттары мен құрылыс кешені сатылымға шығарылды. Лотқа темір жол тікелей тартылған төрт қабатты әкімшілік-өндірістік корпус кіреді.
Электрондық аукционға қатысуға өтінімдер 3 мамырға дейін қабылданады, сауда-саттықтың өзі 4 мамырға белгіленген. Лоттың бастапқы бағасы - 5,3 миллион теңге.
2020 жылға дейін "Азия Авто" Қазақстанда автокөлік құралдарын өндіру бойынша көшбасшы орынға ие болды. 2020 жылы ҚР ИИДМ "Азия Авто" АҚ және "Азия Авто Қазақстан" АҚ-мен "Холдинг тарапынан міндеттемелердің бірнеше рет бұзылуына" байланысты преференциялар беру туралы келісімді бұзды. "Азия Автоны" мемлекетке 174 миллиард теңге қайтаруды міндеттеді.
2021 жылдың жазында "БИПЭК Авто Қазақстан" АҚ компаниялар тобының басшысы Анатолий Балушкинге іздеу жарияланды. Ал Kia автомобильдерін құрастыру және осы автомобильдің Қазақстандағы дистрибьюторлығы "АЗИЯ Авто" - ның бәсекелесі "СарыарқаАвтоПром"кәсіпорнына өтті.