Бабай батырдың тарихи тұлғасы дәріптелген конференция өтті

0
223

Бабай батыр жайында арғы-бергі деректерді баяндалды.


Бабай батырдың тарихи тұлғасы дәріптелген конференция өтті

Түркістан өңіріндегі ауқымды мәдениет ошағына айналған облыстық «Farab» кітапханасында бүгін де тағлымды іс-шара өтті. Ол – тарих зерттеушісі, қарымды қаламгер, қырықтан аса кітаптың авторы Момбек Әбдіәкімұлы жазып шыққан «Күн тұтылған мезет» кітабын таныстыру мақсатында ұйымдастырылған «Бабай батыр» конференциясы. Аталған іс-шараға облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев, өңірдегі ақсақалдар алқасының жетекшісі Әзіретбергенов Жарылқасын, облыстық мәслихатқа Сауран ауданынан сайланған халық қалаулысы Баймахан Сүлейменов және Сауран ауданы басшысының кеңесшісі Жұмадулла Мұхаммеджан қатысып, тарихта аты қалған Бабай батыр жайында арғы-бергі деректерді баяндады.


Ал, аталған ғылыми жиынға спикер ретінде профессор, тарих ғылымдарының докторы Хазіретәлі Тұрсын, ҚР «Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының» академигі, тарих ғылымдарының кандидаты Ахметбек Бақытжан, қаламгер, «Құрмет» орденінің иегері, «Түркістан қаласының Құрметті Азаматы», тарих ғылымдарының кандидаты Баян Адырбекова, журналист, жазушы, Қазақстан Журналистер Одағының өкілі Сарқұлов Шайхы-Асан және туынды авторы Әбдіәкімұлы Момбек қатысып,кітап және оның ішіндегі құнды деректер мен мазмұнды ойлар жайлы сөз қозғады.


Спикерлердің сөзіне сүйенсек, Оңтүстік өңірін мекендеген қаракөздердің XVIII-XIX ғасырлардағы өмірі, тыныс-тіршілігі және сол кезеңдегі саяси жағдайлар мен оның әсері бүгінгі күнге дейін толық зерттелмеген. Соның ішінде қазіргі Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласы мен оған жақын өмір сүрген қазақтардың бірнеше жүз жылдық тарихы елеусіз қалған. Ал, аталған «Күн тұтылған мезет» кітабы осы бір кемшіліктің бір бөлігін толтыратын туынды көрінеді.


Профессор, тарих ғылымдарының докторы Хазіретәлі Тұрсынның айтуынша, Момбек Әбдіәкімұлын және оның көптеген еңбегімен ел етене таныс. Қазақ прозасына детектив жанрымен келген Әбдіәкімұлы соңғы кезде тарихи тақырыптарға батыл барып жүр.


- Бұл кітап XVIII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың 60-70-ші жылдарына дейінгі Оңтүстік қазақтарының тарихына арналған. Тиісінше, осы аумақтағы ірі тарихи оқиғалар кезігеді. Абылай хан қайтыс болғаннан кейінгі кезеңде қазақ жері саяси ыдыраңқылыққа түсті. Яғни орталық билік жоқ, әр жүз, әр тайпа бөлек-бөлек билік құрған. Кітаптың бірінші бөлімінде Төле би және оның айналасындағылар, Ташкент үшін болған шайқастар жазылған. Екінші бөлімі Қоқан хандығы билігінің кезеңін қамтиды. Жалпы, кітап авторы белгілі бір кезеңдегі қазақ тарихын түгендей алған. Сондай-ақ, туындыда Бабай батырдың тарихи тұлғасын танытып қана қоймай, онымен үзеңгілес, сапарлас, майдандас болған өзге де тұлғаларды қамтыған. Бұл жазушының ең ұтымды шешімі деп баға беремін деді, - ғалым Тұрсын Хазіретәлі.


Сондай-ақ, өзге спикерлер де таныстырылымы өткен туындыға ғылыми тұрғыдан өз бағаларын беріп, қазақ тарихын толықтырудағы рөлін жеткізіп, негізгі қаһарман – Бабай батырдың тарихи орны жөнінде әңгіме етті.


Осы орайда, қалың оқырманға да тарихшылар мен ғалымдардың дерегінен Бабай батыр жөніндегі ақпараттарды және қазақ батыры жайында жазылған шығармалардан үзінді ұсынғанымыз жөн деп санадық.


Қазақ жұртына жалынды да сырлы жырларымен танылған Базарбай Оспанов өзінің «Бабай батыр» деп аталатын дастанында Бабай батырды:

«Күн артынан күн өтіп,

Түн артынан түн өтіп,

Жер танабын қуырып,

Соңына шаңды суырып,

Келеді батыр гулетіп» - деп бейнелеген екен.


Шын мәнінде Бабай батыр дегеніміз кім? Ол қай кезеңнің қаһарманы? Тарих беттерінен білетініміздей, 18-ші ғасырдыңсоңында Оңтүстік Қазақстан өңірінің біршама бөлігіне Қоқан хандығы билік жүргізген. Сонау Қытай жерінен басталатын әйгілі сауда белдеуі – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қазіргі Түркістан, бұрынғы Иассы қаласы да солардың қарамағында еді. Шаһарды басқарған Мошан есімді ұлық сол кездегі қолөнер, ауыл шаруашылығы және саудамен күнелткен халықты түрлі әдіспен қинап, қыздарын тартып алып, салықты көбейтіп, зорлық көрсеткен.


Ал, Бабай батырдың түп атасы Нұрбай есімді алып азамат сол жерде өмірген. Бабай оның он баласының бірі деп айтылады. Оның ұлдары жауынгерлік өнерін жетік меңгеріп, ержүрек болып өскен екен. Сол себепті қатал шаһар басшысы Нұрбай мен оның ұрпағы тағымды артып алады деп қорқып, Байсал және Оразбай атты балаларын қастықпен қаза таптырған. Ал, ағаларына жасалған қастандыққа шыдамаған Бабай батыр әмірден кек алу үшін Бұхараға бір өзі барып, әскер сұрайды. Сол кезде Мошанның 500-ден аса әскері болған деседі.


Бұхара билеушісі де батырға өз талабын айтып, әскер бермес бұрын балуандар жекпе-жегіне қосып жібереді. Бірақ, сол мекеннің ең мықты батырларын жеңсе де, уәдесін бұзып, Бабайды пілмен жекпе-жекке шығарған екен. Сонда ғана оның күш-қайратына тәнті болған билеуші әскермен қоса қарақалпақ халқының Аманбай есімді батырын қоса берген көрінеді. Бір ерекшелігі – біз екі ауыз сөзбен-ақ бейнелеген бұл оқиға екі жылдай мезгілді қамтыған. Сол уақыт аралығында Бабай медреседе білім алып үлгерген екен.


Ал, Бұхарадан қайтып келе жатып әкесінің байырғы жолдасы Бөрі батырдың ақыл-кеңесін алған. Сәйкесінше, Бабай бастаған іскер қатал билеушінің жасағын жер жастандырып, өзінің басын алып, кек қайтарып қана қоймай, қазіргі Түркістанды жау қолынан қайтарған.


Сондай-ақ, Бабай батыр 19-шы ғасырдың орта тұсында он жыл бойы Ресеймен күрескен Кенесары ханға қосылған, қолдау көрсеткен тұлғалардың бірі. Оның қатысуымен Ақмола, Ақмешіт, Жаңақорған мен Созақты бостандыққа шығару соғыстары жүргізіліп, батыр көптеген ерлік жасаған. Одан бөлек, қазақ халқын хан Жәңгірдің езгісінен құтқаруды қалаған ер Махамбет Хиуа хандығынан қолдау таппаған соң, өзінің қандас бауырларын көмекке шақырып, хат жазған. Сол хатта аты аталған батыр қолбасшылардың ішінде де Бабай болған екен.


Яғни, біз сөз еткен, қаламгерлер бір кітапты арнап, ғалымдар өмірбаянын талқыға салған ер Бабай қазақтың соңғы ханы Кенесарымен де, сөзі мен ісі сай болған ер Махамбетпен де бірлесе күрескен тұлғалардың бірі де бірегейі десек, қателеспейміз. Тіпті Кенесары ханның жасағына қажетті қару-жарақты дәл осы Бабай батыр Бұхар билеушілерінен алып, қамтамасыз етіп отырған екен. Мұны тарихи деректердің өзі айқындап береді.


Қазіргі қазақ тарихында Бабай батырдың шыққан тегіне қатысты тағы бір мәлімет бар. Зерттеушілердің айтуынша, Бабай тараған Сунақ руының түп атасы Мұхамед (с.а.с) пайғамбардың төрт сенімді серігінің бірі болған Әбу Бәкір әс-Сыддық екен. Мұны шежірешілер ұсынатын мәліметтер де айқындайды. Ал қазір Бабай батырдың 5-6-шы ұрпағы өмір сүріп келеді. Ел аузында батырды тоқсан жаста, 1882 жылы қаза болғаны айтылып жүр. Бұл да көпшілік арасында шындыққа айналып кеткен.


Дегенмен, қазақ халқы Бабай батырды мүлдем естен шығарған деп айтуға болмайды. Оның бір дәлелі өткен ғасырдың соңғы жылында батыр ұрпақтарының атсалысуымен Бабайдың басына тұрғызылған кесене. Бұл іс-шараға сол кездегі бас мүфти Дербіләлі Әбсаттар да қатысып, батырын ұлықтаған азаматтарға алғысын білдірген еді. Одан кейінгі жылдары да көптеген азамат қазақ батырын жоқтап, оның басына тұрғызылған кесенені еліміздегі киелі орындардың қатарына қосу, өмірі мен ерлігін, тарихтағы орнын дәріптеу сынды жұмыстарға белсене атсалысып келе жатыр. Бүгінгі іс-шара да соның бір нышаны.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ