Балабақша мен балалар үйін кез келген уақытта тексеру құқығын беру керек – Асхат Аймағамбетов

0
657


Балабақша мен балалар үйін кез келген уақытта тексеру құқығын беру керек – Асхат Аймағамбетов

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов еңбек қатынастары туралы жаңа заң жобасына депутаттар қандай ұсыныс енгізгенін айтып берді, деп жазады kaz.inform.kz.


«Қазір Мәжілісте бірнеше маңызды заң жобалары қарастырылуда. Бүгін ғана еңбек қатынастары туралы жаңа заң жобасын қарастыруды бастадық. Мәселен, онда еңбек инспекцияларының құзіретін кеңейту мәселелері бойынша арнайы нормалар бар. Қазір көріп отырмыз, еңбек қауіпсіздігі бойынша еңбек инспекцияларының құзіреті жеткіліксіз. Мұны өткен жылы Қарағандыдағы шахта апаты да растады. Апатқа дейін шахтаны қаншама еңбек инспекциясы тексерген, бірақ еш нәтиже болмаған. Сол себепті, біріншіден, еңбек инспекцияларын министрлікке тікелей бағындыру қажет деп ойлаймыз және оларға нақты құзірет беру керек», - деді А. Аймағамбетов Қазмедиа орталығында Еңбек министрлігінің алқа отырысында.

Оның айтуынша, еңбек инспекциялары өте үлкен проблемаларды анықтаса да, ескерту берумен шектеледі, айыппұл да салмайды. Сондықтан депутаттар тиісті мекемелерге ескерту емес, айыппұл немесе басқа да шара қолдану керек деп санайды.

«Тағы бір маңызды мәселе – медициналық-әлеуметтік мекемелердегі қауіпсіздік. Тағы да Қарағандыда былтыр балалар қайтыс болғанын білеміз. Мұнда да бірнеше жаңа тетіктерді қарастырдық. Соның ішінде болашақта медициналық-әлеуметтік мекемелерді лицензиялау арқылы ашу және олардың басшыларын бір орында 10-15 жыл отырғызбай, жиі ротациялау маңызды деп санаймыз. Медициналық-әлеуметтік мекеме, балабақша, балалар үйі секілді ұйымдарды аяқ астынан тексеру құқығын беру қажет деп санаймыз. Қазір тексеру туралы ақпарат бір жыл бұрын жіберіледі, әрине олар дайындалып отырады. Бірақ жабық ұйым болғасын балалар немесе мүгедектігі бар жандар өз құқығын толық қорғай алмайды. Мемлекет бұл жерде бақылауын жіберіп алмау керек. Сондықтан осы түзетуді енгізіп отырмыз», - деп түсіндірді А. Аймағамбетов.