Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ата-ана міндеттерін тиісінше орындамауға байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар санының артуы байқалады.
ERNUR.KZ. Соңғы бес жылда 3,5 есе артты – 2020 жылғы 5 мың жағдайдан 2024 жылы 19 мың жағдайға дейін. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың түнде ересектердің қарауынсыз тұрғын үйден тыс жерде болуына байланысты құқық бұзушылықтар саны 2 есе өсті – 2020 жылы 65 мыңнан 2024 жылы 112 мыңға дейін. Бұл көрсеткіштер жайлы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихаты кезінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова айтты.
«Балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болу фактілерінің саны 3 есеге жуық өсті – 844 жағдайдан 2406 жағдайға дейін. Бұл деректер ерекше назар аударуды қажет етеді», – деді спикер.
Ол күн жылығанда балалардың терезеден құлауы, суға батуы және басқа да оқиғалармен байланысты жазатайым оқиғалардың саны артып келе жатқанын атап өтті. Талдау көрсеткендей, 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалардың терезеден құлау жағдайларының басым бөлігі, яғни шамамен 80%-ы үйде болады.
Балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2024 жылы білім беру, тәлімгерлік, әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалық шақты қорғау мәселелері жөніндегі заңнама шеңберінде құрылыс кәсіпорындарын терезелерге қауіпсіздік құлыптарын орнатуға, ал МИБ-ті – олардың сақталуын бақылауды жүзеге асыруға міндеттейтін нормалар енгізілді. Бұл талаптар пайдалануға берілетін жаңа ғимараттарға қолданылады.
«Баланың өмірі мен денсаулығы көбінесе қарапайым, бірақ маңызды шешімдерге байланысты. Қауіпсіздік құлыптарын терезелерге, қорғаныс торларына орнату және қарапайым сақтық ережелерін сақтау жазатайым оқиғалар қаупін айтарлықтай төмендетуі мүмкін», – деді Насымжан Оспанова ата-аналарға.
Балалардың судағы қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып қала береді. Талдау көрсеткендей, жазатайым оқиғалардың көбі ашық су қоймаларында — өзендерде, көлдерде, каналдарда болады. Мұндай оқиғалардың 90%-ы судың жанында балалар ересектердің тиісті бақылауынсыз қалған кезде болды. Сондай-ақ тұрмыстық жарақаттану, жол-көлік оқиғалары мен өрт жағдайлары байқалады, онда, өкінішке орай, балалар зардап шегеді.
Жүргізілген талдау осы жағдайлардың көбінде негізгі себеп ересектердің бақылауының жеткіліксіздігі және сақтық шараларын жіті бағаламау екенін көрсетеді.
«Балаларды қорғаудың тағы бір маңызды аспектісі – олардың цифрлық қауіпсіздігі. 2023 жылдың соңында жүргізілген Kazakhstan Kids Online зерттеуінің деректері бойынша сауалнамаға қатысқан балалардың төрттен бірінен астамы ата-аналары олар туралы ақпаратты олардың келісімін сұрамай-ақ хабарламалар, суреттер немесе бейнелер түрінде орналастырғанын атап өтті. Қазіргі жағдайда ақпараттық технологиялар қоғамда, әсіресе, балалар өмірінде үлкен рөл атқарады. Қоғамдық кеңістікте қиын өмірлік жағдайларға тап болған балалардың бейнелері мен бейнежазбаларын тарату ерекше қарауды қажет ететінін ескеру маңызды», – деп қосты Комитет төрағасы.
Ол қоғамды ақпараттандыру мен кәмелетке толмағандардың психоэмоционалды жағдайын қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды екенін атап өтті.