Балаларға арналған тұңғыш 3D кітаптар жарық көреді

0
4 093

Оған қоса аудиокітаптар да жарық көрмек


Балаларға арналған тұңғыш 3D кітаптар жарық көреді

ERNUR.KZ. Қазан айында Қазақстанда тұңғыш отандық балаларға арналған 3D кітаптар жарық көреді. Бұл туралы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры міндетін уақытша атқарушы Нұржан Жолдыбалинов өз сұхбатында хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазір біз аудиокітаптармен айналысып жатырмыз. Ұлттық академиялық кітапханада дыбыс жазу студиясы ашылды. Көптеген шетелдік аудиокітаптарды қарап шықтық, олардың кейбірін тыңдап, ұйықтап кетуге болады. Біз 3D технолонияларды енгізу арқылы аудиокітаптар жасағымыз келеді. Яғни, ат шабатын тұсты оқығанда бала аттың шабысын естиді, сол сияқты керек жерде желдің дыбысын қосамыз», - деп түсіндірді Нұржан Жолдыбалинов.

Оның айтуынша, бұл кітаптар баланың танымын кеңейтеді. Дыбысты есту арқылы баланың қиялына қанат бітіруге болады.

«Қазір дыбыс жазу жұмыстарын атқарып жатырмыз, жобаны қазан айында таныстыру жоспарланған. Әзірге бес ертегі жазылды. Бұл - біздің алғашқы жобамыз, кейінірек «Бабалар сөзі» сынды анағұрлым ауқымды кітаптарды қолға аламыз», - деді Нұржан Жолдыбалинов.

Айта кетейік Нұржан Жолдыбалинов - «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы.