"Баламды Жайыққа батырып өлтірді" деген ана іс дұрыс тергелмей жатқанына шағымданды

0
836

Анаргүл Қасантаева оқиға болған 21 тамыздан бері осы уақытқа дейін екі тергеуші ауысып, іске үшінші тергеуші тағайындалғанын жеткізді.


Коллаж Ulysmedia.kz

ERNUR.KZ. “Ұлымды суға батырып өлтірді” деген атыраулық ана Анаргүл Қасантаева тергеу бір орыннан жылжымай жатқанын айтып желіде үндеу жолдады, деп жазады ulysmedia.kz.

Анаргүл Қасантаева оқиға болған 21 тамыздан бері осы уақытқа дейін екі тергеуші ауысып, іске үшінші тергеуші тағайылғанын жеткізді. Алайда іс сонда да бір орында тұр дейді.

Сөзінше, ұлы Мерланды өлтірді делінген күдікті – жоғары сынып оқушысы сабаққа барып, концерт тамашалап, бостандықта жүр.

“Баламды Ж. шешіндіріп, суға итеріп жібергенін балалар айтып отыр. Менің балам суға жүзіп білмейді. Көзі көрмейді,астигматизмге шалдыққан. Соны біле тұра Ж. қасақана баламды суға итеріп жіберді” дейді азалы ана.

Ал күдіктінің туыстары кешірім беруін сұрап, сұрағаны болмаған соң өздерін қарғап кеткенін жеткізді.

13 жастағы оқушының оқыс қазасы үйдегілердің бәріне ауыр тиген. Әсіресе әпкесі ауырып, күйзеліске түскен. Қыркүйектен бері сабаққа бармаған. Барса, мектеп директорынан қысым көре ме деп қауіптенеді. Сөзінше директор мектепке масаң күйде келеді. Ал мектеп психологы қызын басқа мектепке ауыстыруға немесе колледжге түсіруге үгіттеген.

“Қызым ешқайда кетпейді, осы мектепті бітіреді. Менің талабым – балаларды үй қамаққа алсын, мектепке басқа директор келсін. Сонда ғана қызымды мектепке жібереміз” дейді.

Оқиға 21 тамыз күні Атырау қаласының маңында болған. 7-сынып оқушысы Мерлан сыныптастарына баратынын айтып үйден шығып кеткен. Ұлынан көпке дейін хабар болмаған соң анасы 16 жастағы қызын ертіп Мерланды іздеуге шыққан. Жолай кезіккен ұлының таныстарынан “Мерлен суға кетті” дегенді естиді. Солардың бірін ертіп оқиға орны Жайық өзенінің жағасына барғанда баласының киімдерін ғана тапқан. Оқушының мүрдесі тек 4 күннен кейін табылған.

Аталған дерек бойынша іс қозғалып тергеу басталған. Алайда Анаргүл Қасантаева іс аясында ешкім ұсталмады, күдікті делінген жоғары сынып оқушысы бостандықта жүр дейді. Бірде директордың кабинетінде күдікті баланың ата-анасы Анаргүл Қасантаевамен кездесіп, баласына кешірім беруін өтінген. Алайда азалы ана кінәлі адам тиісті жазасын алуы керек деп кешірім бермеген. Енді тергеу сағызша созылып, кінәлі тарап жазадан жалтарып кете ме деп қауіптенеді.

Атырау қаласының полиция департаменті 8 қазан күні Stan.kz порталына білдірген пікірде “іс тергеліп жатыр. Тергеу ол бір күнде бітетін іс емес. Жәбірленуші тарапты түсінеміз. Сол үшін де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жан-жақты кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл кісі генералдың да қабылдауында болды. Құқықтық кеңес берілді. Жергілікті полиция басшылығы бақылауға алып, тұрғынның жағдайын тексеріп тұрады” деп жауап қатқан.