Батыс Қазақстан облысында 1 мыңнан астам киік қырылып қалды

0
1 805

Мұратсай су қоймасынан 1 мыңнан астам киіктің өлексесі табылды.


Батыс Қазақстан облысында 1 мыңнан астам киік қырылып қалды

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында 1 мыңнан астам киік қырылып қалды, деп жазады ulysmedia.kz.

Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумовтың айтуынша, оқиға 12 сәуір күні кешкісін Мұратсай ауылдық округінде болған.

Ауыл маңындағы Мұратсай су қоймасынан 1 мыңнан астам киіктің өлексесі табылды.

«Сәуір айында осы Мұратсай ауылының тұсымен киіктер Жәнібек ауданына қарай төлдеу үшін өтеді. Әлсіз болды ма, әлде бірін-бірі тапап өлтірді ме, себебі белгісіз. Қазіргі кезде «Охотзоопром» мекемесі, «Бөкейордасы» табиғи резерваты, аудан және ауыл әкімдігі қызметкерлері, ветеринар мамандар судан өлекселерді шығарып, шұңқырға көму жұмыстарын жүргізбекші. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен ғалымдар келмекші. Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма қызметкерлері судан сынама алды. Жағдай бақылауда. Оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде», деді Н.Даумов.