​740 және 935 грамм: Шымкентте егіздер аман-есен үйлеріне шықты

0
111

Шала туған қыздар бірден реанимация бөліміне жеткізіліп, алғашқы 23 тәулікте қарқынды медициналық көмек алды.


​740 және 935 грамм: Шымкентте егіздер аман-есен үйлеріне шықты

Шымкент қалалық перзентханасының дәрігерлері жүктіліктің 29 аптасында дүниеге келген егіз қыздарды аман алып қалды.

Салмақтары небәрі 740 және 935 грамм болған сәбилер 85 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болып, үйлеріне шығарылды. Нәрестелер кесарь тілігі арқылы дүниеге келген.

44 жастағы ана үшін көптен күткен егіздердің дүниеге келуі қуанышпен қатар уайымға толы болды. Шала туған қыздар бірден реанимация бөліміне жеткізіліп, алғашқы 23 тәулікте қарқынды медициналық көмек алды.
Жағдайлары тұрақтанған соң сәбилер нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылды. Мерзімінен ерте туылғандықтын өкпесі толық жетілмеген қыздарға тыныс алу жүйесін қолдауға бағытталған ем жүргізіліп, бронх-өкпелік дисплазия бойынша да медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлер олардың тыныс алуын, тамақтануын және салмақ қосуын тәулік бойы бақылауда ұстады.
«Мұндай салмақта дүниеге келген нәрестелерге ерекше күтім мен үздіксіз медициналық бақылауды қажет. Қыздардың жағдайы біртіндеп жақсарып, салмақ қоса бастады. 85 күннен кейін оларды үйлеріне шығардық», – дейді қалалық перзентханасының дәрігер-неонатологы Нилуфар Тұрсыметова.
Қазір егіздердің жағдайы тұрақты. Анасы балалардың күтімін үй жағдайында жалғастырып жатыр. Мамандардың айтуынша, шала туған нәрестелерге медициналық көмек олардың жағдайына қарай бірнеше кезеңде көрсетіледі. Қажет болған жағдайда өмірінің алғашқы минуттарынан бастап реанимациялық және қарқынды терапиялық көмек көрсетіліп, кейін ем неонатология және нәрестелер патологиясы бөлімшелерінде жалғасады.
Жалпы неонатологиялық көмек, оның ішінде қажетті диагностика, емдеу және медициналық бақылау МӘМС жүйесі аясында жүргізіледі. Шымкентте жыл басынан бері неонатологтар салмағы 500 грамға дейін болып туған екі сәбиге және салмағы 1,5 келіге дейінгі 150-ден астам нәрестеге медициналық көмек көрсеткен.
Бөлісу