Жаңа өндіріс орнының бастамашысы – "Zhaik Petroleum LTD" ЖШС.
Сурет: БҚО әкімдігі баспасөз қызметі
Жаңа өндіріс орнының бастамашысы – "Zhaik Petroleum LTD" ЖШС. Жобаның жалпы инвестициялық құны 77,8 миллиард теңгені құрайды, ал зауыттың жылдық қуаттылығы – 130 мың тонна метанолды құрайды. Бұл өндіріс Қазақстанның газ-химия саласындағы технологиялық тәуелсіздігін арттырып, ішкі нарықты қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де қамтамасыз етпек.
Метанол – заманауи химия өнеркәсібінің негізгі шикізаты. Ол пластмасса, бояу, дәрі-дәрмек, тұрмыстық және өндірістік химия өнімдері, сондай-ақ экологиялық таза отын өндірісінде кеңінен қолданылады. Құрылыс кезеңінде және зауыт іске қосылғаннан кейін 467 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт отандық газ ресурстарын пайдаланып, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз заманауи технологияларды қолданбақ.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Нариман Төреғалиев зауыт құрылысы ел Президентінің стратегиялық міндеттерімен үндесетінін атап өтті.
"Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында өңдеуші өнеркәсіпке инвестиция тарту және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өткен болатын. Бүгін біз еліміздегі ең ірі метанол өндірісін бастаймыз. Үкімет бизнесті дамыту үшін барлық жағдайды жасап отыр. Біз инвесторлардың алдына объектіні тіркеу, жергілікті мамандарды оқыту, экологиялық нормаларды сақтау және жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау жөніде нақты міндеттер қойдық", – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Метанол өндірісінің іске қосылуы еліміздің газ-химия саласын жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттырмақ. Осыған орай, жобаның серіктесі – "СТПК САН БАО" компаниясының президенті Кан Хэ Пинь Қазақстанның мұндай жобалар үшін зор ресурстық мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті.
"Екінші жыл қатарынан Оралға келіп жатырмын. Бұған дейін Павлодарда мұнай-химия зауытын салған едік. Қазақстанда 33 жыл жұмыс істеп келеміз. Бүгінгі шара – елдің газ-химия саласының тұрақты дамуының кепілі", – деді ол.
Жобаның негізін қалаушы әрі "Zhaik Petroleum LTD" компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Дамир Дүйсенбай бұл метанол – техникалық спирт – Қазақстанда алғаш рет өндірілетінін, оның негізінде көптеген химиялық өнімдер жасалатыны туралы айтып берді.
"Аммиак, полиэтилен, полипропилен, формальдегид, карбамид, дәрі-дәрмектер мен ауыл шаруашылығы препараттары – барлығы метанолдан алынады. Бұл химия саласының іргетасы. Біз бұл мақсатқа бірнеше жыл бойы дайындалып келдік. Зауытты екі жыл ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз", – деді ол.
Оның айтуынша, бұл сала қымбат әрі ұзақ мерзімді инвестицияны талап етеді – өзін-өзі ақтау мерзімі шамамен 15 жыл. Алайда, жобаның стратегиялық қайтарымы жоғары болады. Бүгінде Қазақстанда тұтынылатын химиялық өнімдердің 90%-ы шетелден – Ресей, Қытай және басқа елдерден әкелінеді. Қазақстанның жыл сайынғы метанолға деген қажеттілігі – 80 мың тонна, ал болашақ зауыттың өндірістік қуаты – 130 мың тонна, бұл артық өнімді экспорттауға да мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорын модульдік жүйеде жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 32 гектар жерге алғашқы жабдықтар орнатылып қойылған. 467 жұмыс орны құрылмақ, соның ішінде 300-і жергілікті тұрғындар үшін ашылады. Жоғары білікті мамандар Қытайда оқып, кәсіби біліктіліктерін арттыра алады.
"Біз отандық газды пайдаланып, "QazaqGaz" ұлттық компаниясымен және Үкіметпен 25 жылға келісім жасадық. Белес ауылындағы зауыт алаңына "Орынбор–Новопсковск" және Түрікменстаннан келетін "Союз" желісінен ірі магистральдық газ құбыры тартылды. Жабдықтардың бір бөлігі Қытайдан, енді бірі Еуропадан жеткізіледі. Қытайлық инвесторлар жобалау, жеткізу және монтаж жұмыстарының барлығын "кілтпен тапсыру" тәсілімен атқарады. Жобаны қаржыландыруға Индустрияны дамыту қоры мен "Baiterek Venture Fund" қатысуда", – деді Дамир Дүйсенбай.
Жергілікті билік тарапынан да қолдау көрсетілуде. Нақты айтқанда 1,2 миллиард теңгеге теміржол салынып, Автомобиль жолы мен электрмен қамту бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі кезде құрылыс алаңында жер қазу және іргетас құю жұмыстары жүріп жатыр. Қажетті жабдықтарды сатып алу да басталған.
Батыс Қазақстан облысында салынып жатқан метанол зауыты — еліміздің газ-химия өнеркәсібі үшін тарихи әрі стратегиялық қадам болмақ. Бұл жоба Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспортты ұлғайтуға және жергілікті экономиканы дамытуға зор үлес қоспақ. Жобаның толық іске қосылуы 2027 жылға жоспарланған.