Баян Мақсатқызының сөзінше, қазір әйелдер өз құқықтарын бұрынғыдан жақсырақ түсіне бастаған.
фото:видеодан скрин
ERNUR.KZ. Баян Мақсатқызы «Talk Like» бағдарламасында қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесін қозғады. Оның айтуынша, бұл тек Қазақстанға ғана тән құбылыс емес. Мұндай жағдай әлемнің көптеген елінде кездеседі. Дегенмен елімізде де зорлық-зомбылық деректері аз емес.«Меніңше, бұл бұрыннан бар мәселе. Тек қазір әлеуметтік желілердің арқасында көп нәрсе ашық айтыла бастады. Бала кезімізде көршілердің әйеліне қол көтерген жағдайларын көретінбіз. Ол қалыпты жағдай саналмаса да, «біреудің отбасына араласпау керек», «әр отбасының өз мәселесі бар» деген түсінік басым еді. Ал шын мәнінде, мұндай жағдайға бейжай қарауға болмайды. Бұл туралы ашық айтып, дабыл қағу керек», – деді ол.
Баян Мақсатқызының сөзінше, қазір әйелдер өз құқықтарын бұрынғыдан жақсырақ түсіне бастаған. Бұған әйелдер қозғалысы мен феминистік қозғалыстың да ықпалы бар.
«Уақыт өте келе зорлық-зомбылық жағдайлары азаяды деп сенемін. Мен өзім де осы мәселемен күресіп, бұл туралы жиі айтып жүремін. Қазір екі оңалту орталығым бар. Онда көмекке мұқтаж әйелдер мен балалар тұрады. Жалпы орталықтарда жүзге жуық адам бар. Өкінішке қарай, көмекке мұқтаж адамдардың саны әзірге азаймай отыр», – деді Баян Мақсатқызы.


