Абай облысында жылу желілерін жылыту маусымына дайындау жұмыстарының кешігіп жатқаны анықталды.
фото: Үкімет баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектенов облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды, деп жазады tengrinews.kz.
Премьердің айтуынша, бұл мәселе Семей қаласында тіркелген. Осыған байланысты ол Абай облысы әкімінің тиісті салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапқа тартуды тапсырды.
"Бір өңірден басқасының бәрі тапсырманы дәл мерзімінде орындады. Осыған байланысты Семей қаласының жылу желілерін дайындау кезінде тиісті үйлестіру жұмыстарының болмауы мен дайындықтың кешіктірілуі үшін Абай облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын", – деді Олжас Бектенов.
Жылумен жабдықтау саласына кім жетекшілік етеді?
Әкімдік сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, жылумен жабдықтау және жылыту мәселелеріне облыс әкімінің орынбасары Бекжан Бапышев жетекшілік етеді.
Абай облысы әкімдігі сайтынан алынған скриншот
Әкімдерге берілген тапсырма
Сонымен қатар Олжас Бектенов өңір әкімдеріне жылыту маусымынан өту жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын жандандыруды және энергия көздерінің жұмысын ұдайы тексеріп тұруды тапсырды.
"Жоспарлы параметрлердің бәрі сақталуы керек, сондай-ақ отынның нормативтік қоры мен қосалқы жабдықтардың дайындығын қамтамасыз ету қажет. Халыққа қажетті көмір бағасын тұрақты бақылауда ұстап, отын тапшылығына жол бермеңіздер", – деп тапсырды премьер-министр.


