Белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өлімі: күдікті ретінде полицей ұсталды

0
917

Күдікті кісі өлімі жеке келіспеушілік салдарынан болғанын мойындап, түсініктеме берді.


Белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өлімі: күдікті ретінде полицей ұсталды

ERNUR.KZ. ІІМ мен Қарағанды облысы полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері Жаңаарқа ауданының тұрғыны Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады, деп жазады Stan.kz.

Оны ағымдағы жылдың мамыр айының соңында Атасу кентіндегі өз үйінің ауласынан атыс қаруынан атылған оқтан жарақаттанып жатқан жерінен тауып алған болатын.

"Аса ауыр қылмысты ашу үшін ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша ІІМ криминалдық полиция және облыстық полиция департаментінің тәжірибелі қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды", - делінген хабарламада.

Тергеу барысында жедел уәкілдер жәбірленушінің үйінен алынған құжаттарды зерделеп, қаза болған адамның түрлі мемлекеттік органға бірнеше рет шағымданғанын анықтады. Өлімнің түрлі себебі тексерілді. Тиісті сараптамалар жүргізілді.

"Жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері төрт жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады. Олардың үшеуі бұрын сотталған және біреуі бұрынғы полиция қызметкері", - деді ІІМ баспасөз қызметіндегілер.

Ұсталғандар кісі өлімі жеке келіспеушілік салдарынан болғанын мойындап, түсініктеме берді.

Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынды. Айғақты зат ретінде қару тәркіленді. Тергеу амалдары жүргізілуде.