Бензин қашан және қаншалықты қымбаттайды - министрліктің жауабы

0
948

Қазіргі таңда бензин бағасының акцизі - 8 теңге, бензинің литрі - 150 теңге болып тұр.


Бензин қашан және қаншалықты қымбаттайды - министрліктің жауабы

ERNUR.KZ. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов бензин бағасына қатысты болжамымен бөлісті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білетіндей, акциздің бағасы жаңа жылдан бастап 10 теңгеге өседі. Десе де, бұл өзгеріс бензин бағасына бірден әсер етеді деп күтіп отырған жоқпыз. Өйткені, мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген бензин әлі де көп. Бірақ, бара-бара бағаға 10 теңге қосылатын шығар деп болжап отырмыз. Әйтсе де 1 қаңтардан бастап емес. Жарты ай, бір ай ішінде жаңадан шығарылған көлем МӨЗ-дер арқылы жанар-жағармай бекеттеріне жеткеннен кейін баға өсуі мүмкін», - деді Әсет Мағауов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында тілшілердің сұрағына берген жауабында.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Әмрин акциздің көтерілуіне байланысты Қазақстанда бензин қаншалықты қымбаттайтынын айтып берген болатын.

«Қазіргі таңда бензин бағасының акцизі - 8 теңге, бензинің литрі - 150 теңге болып тұр. Біз акциз ставкасын 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге арттырдық. Осыдан барып, бензин литрі 10 теңгеге көтеріледі. Яғни, акциз 8-ден 18 теңгеге көтерілді. Осылайша, баға шамамен 8 пайызға – 150 теңгеден 160 теңгеге көтеріледі. Бірақ, бұл ретте акциздің бағаны реттеуші жалғыз фактор емес екенін ескеру керек», - деді Азамат Әмрин Үкімет отырысында.