Берік Уәли коронавирус жұқтырды

0
1 710

Баспасөз хатшысы өзінің ем қабылдап бастағанын айтты.


Берік Уәли коронавирус жұқтырды

ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді.

"Өкінішке қарай, бүгін аса бір жайсыз жаңалықты жариялайын деп отырмын. Әлемді айналып, елімізді шарлап кеткен коронавирус індеті менен де табылды. Кеше тапсырған тест қорытындысы оң нәтиже берді. Қазір ауруханада, дәрігерлердің қарауында жатырмын. Жағдайым бір қалыпты. Аса алаңдайтындай емес. Ем қабылдаудамын.

Басын ашып айтатын мәселе, Президент белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысының денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы үнемі тест тапсырып, қорытындысын алып отыр. Ақордада санитарлық режим күшейтіліп, қауіпсіздік шаралары қатайтылған.

Осы індет басталғалы барлығымыз дабыл қағып, сақтануға, дертті жұқтырмаудың жолдарын қарастыруға шақырып келеміз. Бірақ пандемияға сенбейтін, ауруды жоқ деушілер азаймай тұр. Ондайда "Ауырған адамды көрсетіңдерші", "Менің танысымның бірде-бірі ауырған жоқ. Сонда онымен кім ауырып жатыр?", "Ауырған адамдардың аттарын неге атамайды?" деген сияқты пікірлерді жиі еститінбіз. Міне, мен дерт жұқтырдым, оны жасырмай жариялап отырмын. Мұндағы мақсат алаңсыз жүрген азаматтар ойлансын, сенбей жүрген кісілердің көзі жетсін дегенім. Ауру бар. Оны жұқтырушылардың саны күн сайын артып жатыр. Қанша жерден сақтық шараларын қатаң сақтап жүрсек те, біз де жұқтырдық. Енді емделу керек.

Баршаңызды өздеріңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтау үшін карантин режимі мен профилактикалық шараларды ұстануға шақырамын. Пандемияға жеңіл-желпі қарауға болмайды"- деп жазады Берік Уәли.