Бес бала тірідей өртеніп кетті: Министр оқиғаның мән-жайын айтты

0
241

Отбасы мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алған.


Бес бала тірідей өртеніп кетті: Министр оқиғаның мән-жайын айтты

Фото: Дастан Шанай

ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мәжіліс отырысында Қостанай облысында өрттен қаза тапқан балалардың отбасы туралы пікір білдірді, деп жазады inbusiness.kz.

"Куәгерлердің сөзінше, қайғылы оқиға таңғы сағат 04:30 шамасында басталған. Үйдің үлкен ұлы таңғы сағат бесте көршілерден көмек сұраған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенде үйдің шатыры құлаған. Мен таңғы алтыда Алматыға жұмыс сапарымен ұшып кеттім", - деді ведомство басшысы.

Светлана Жақыпованың сөзінше, оқиға орнына министрліктің атынан департамент директоры барып, жерлеу рәсіміне де қатысты. Министр отбасыға тиісті қолдау шарасы көрсетілгенін жеткізді.

"Отбасы атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың қатарында болған. Отбасында тегі әртүрлі балалар тәрбиеленген. Әйел екі рет некеде болған. Бірінші некеден үш бала, екіншісінен екі бала болған. Кенжесі бір жаста. Мамыр айында әйел "Күміс алқа" медалімен марапатталды. Ресми түрде бірінші күйеуімен ажырасқан. Биыл жазда 320-330 мың теңге шамасында алименттік төлем алған", - деп жалғастырды ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бұл отбасы екі тоқсан бойы 290 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алғанын айтты.

Бес баласы қаза тапқан әйел дүкенде еден жуушы болған. Министр қайғылы оқиға түні әйелдің қалаға кеткенін де жеткізді. Кешкі жетілер шамасында 1995 жылы туған белгісіз жігіт үйде пеш жаққаны да белгілі болды.