​Бетперде мұрнын жаппағаны үшін 83 мың теңге айыппұл салған

0
1 495

Қала тұрғындары бетпердені дұрыс тақпадың деп айыппұл салғанға келіспейді.


​Бетперде мұрнын жаппағаны үшін 83 мың теңге айыппұл салған

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Алматы тұрғыны құрылыс дүкеніне барып, 83 мың теңге айыппұл арқалап қайтты. Азамат бірнеше рет пайдалануға болатын маска таққаны үшін осындай жауапқа тартылған. Бұған шамданған ер адам бейнеүндеу жариялады. Ал денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері болса, бетперде тақпаған жандарға бірнеше рет ескерту жасалғаннан кейін ғана жаза қолданылатынын айтып отыр, деп жазады Еуразия бірінші арнасы.

Алайда қала тұрғындары бетпердені дұрыс тақпадың деп айыппұл салғанға келіспейді. Талап баршаға ортақ болғанымен, оны жоғары-төмен, немесе жартылай тақтың деп жауапқа тартқан жөнсіз, қарапайым халықтың да жағдайы мен мүмкіндігін де ескеру керек деген пікірде.

"Дұрыс емес деп ойлаймын. Әркімнің өз қақысы бар ғой. Таға ма, тақпай ма? Кім сақтанамын дейді, сақтанады. Сондай көзқарасым", "Қойылатын айыппұл өте көп деп ойлаймын. Өйткені менің басымнан да өткен. Аптекаға сол маска алу үшін келген кезімізде бізді мысалы үшін кіргізбейді. Біз маска алу үшін кіре алмасақ, қайдан аламыз деген сұрақ туындайды да. Сол мезетте мәселен айыппұл қойса ол орынсыз", "Кейбіреулердің зарплаталары 83 мың теңгеге де жетпейді ғой. Егер де ол бір масканы дұрыс тақпағаны үшін 83 мың болатын болса тамағына, жолына, не қалады. Сол жағын да ойластыру керек қой" - дейді тұрғындар.

Құрылыс дүкенінде болған жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі пікір білдірді. Сала басшысының бұйрығына сәйкес, барша азаматтар карантин уақытында бір рет пайдаланатын бетперде киюі керек екен. Көп реттік маскаларға да тыйым салыбаған. Тек ол матадан тігілуі тиіс.

"Негізі азаматтың бетпердесі жоқ болса, оған мониторингтік топтың адамдары ескерту жасаулары керек. Егер ұмытып кетсе, ескерту жасалады. Егер қолында бола тұра оған ұсынған бетпердені кигісі келмесе тек қана сол кезде ғана айыппұл салынады" - дейді ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

Ал заңгерлер көп реттік маска үшін немесе бетпердені дұрыс тақпадың деп жауапқа тартуды асыра сілтеушілікке балап отыр. Осы мәселеге қатысты монторингтік топ өкілдерінен жауап алу мүмкін болмады. Қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау департаментінің баспасөз қызметіндегілер көп реттік бетперде киюге тыйым салынбағанын жеткізді. Кез-келген азамат өзіне қолайлысын таңдауға құқылы екен. Дегенмен, мепкеменің баспасөз хатшысы Кенжегүл Қонысбаева айыппұл орынды салынды дейді. Өйткені, оны тамақтың астына немесе мұрынды ашып тағуға болмайды екен.