БҒМ тағы да оқулық жаңартады

0
761

Білім мекемелеріндегі іс-шаралар саны қысқарады.


БҒМ тағы да оқулық жаңартады

ERNUR.KZ. Президент техникалық бағыттағы мамандықтарды дамыту бойынша Үкіметке тапсырма жүктеді. Осы ретте Білім және ғылым министрлігі математикалық білімнің сапасын арттырмақ. Ол үшін оқу бағдарламалары, әдістемелік құралдар, оқулықтар қайта жаңартылады. Бұл туралы ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов бүгінгі Үкімет отырысында мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, орта білім берудің сапасын бағалау үшін қорытынды аттестаттау және бақылау қағидалары жетілдірілетін болады.

«Алтын белгіге үміткерлерге қойылатын талаптар да күшейтіледі. Биылдан бастап білім беру сапасына сырттай бағалау толығымен еңгізіледі. Мекемелер үшін мемлекеттік аттестаттау рәсімі қайтарылады. Сонымен қатар, пән мұғалімдерінің тапшылығы проблемаларын шешу үшін қайта даярлау тетігін қолданамыз. Мысалы, мамандығы мұғалім емес, бірақ кәсіби білімі мен тәжірибесі жеткілікті мамандар мұғалімдікке қайта даярлау арқылы тартылатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен біліктілікті арттыру курстары енді педагогтер үшін 5 жылда бір рет емес, 3 жылда бір рет өткізілетін болады. Тиісті заң жобасы Парламентте қарастырылуда», - деді Аймағамбетов.

Министр білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмысы да өзгеретінін атап өтті. Дәлірек айтқанда, білім ошақтарында болатын іс-шаралар саны қысқарып, жобалық ұстанымдар артпақ.

«Ол жүйелі түрде тәрбиелік мақсатқа бағытталған дебаттық қозғалыс, кітап оқу, театр, музейлерге бару, өзін өзі басқару, қоғамға қызмет сияқты жобалар арқылы үнемі тәрбиелеуді іске асырамыз. Сонымен қатар ата-аналар жиналысы мен сынып сағаттарының форматтарын өзгертеміз», - деді министр.

Сонымен қатар, Асхат Аймағамбетов өз баяндамасында елімізде шетелдік университеттердің 5 филиалы ашылатынын хабарлады. Белгілі болғандай қазір Қазақстанда Де Монтфорт Лестер Ұлыбритания университетінің филиалы жұмыс істей бастады. Ал Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беріледі.

«Сондай-ақ, техникалық бағыттар бойынша Ресейдің үздік жоғары оқу орындарының филиалын ашу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Тағы да бір британиялық университеттің филиалын ашу бойынша келісссөздер жүріп жатыр. Еліміздің батыс өңірі жастарының жоғары стандарттарға негізделген білімге қолжеткізуін қамтамасыз ету мақсатында екі жетекші шетелдік техникалық университеттің филиалдары ашылатын болады», - деді Асхат Аймағамбетов.