Билетті ауыстыру үшін 188 000 теңге сұраған: жолаушы Fly Arystan-ға қатысты сорақылықты көрсетті

0
105

Желі қолданушылары әуе компаниясына шара қолдануды сұрап жатыр.


Билетті ауыстыру үшін 188 000 теңге сұраған: жолаушы Fly Arystan-ға қатысты сорақылықты көрсетті

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Қазақстандық лоукостер Fly Arystan кезекті рет сынның астында қалды. Дамира Бөребаева есімді жолаушының айтуынша, әуе компаниясы билетті қайта броньдау үшін ірі көлемдегі төлемді талап еткен, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Мен Атыраудан Алматыға 6 адамға билет сатып алдым. 2 ай бұрын дәрігерге жазылып қойғанмын, соған баруым керек еді. Ал «Fly Arystan» рейс уақытын бірден 4 сағатқа өзгертіп жіберді. Соның кесірінен мен дәрігерге үлгермей қалдым. Сол үшін билетті алдын-ала басқа күнге ауыстарайын деп оларға хабарластым», - дейді ол.

Жолаушының сөзінше, енді әуе компаниясы билетті басқа күнге ауыстыруға 188 000 теңге сұраған. Бұл айыппұл сомасы екенін атап өтті ол.

«Ұшу уақытының маған қолайсыз екеніне қарамастан 188 мың теңге төлеуім керек екен. Ойлап көріңізші, бұл не деген бассыздық? Егер тек тарифтің арасындағы айырмашылықты төлесем, түсінер едім. Бірақ, жоқ, мен айыппұл төлеуім керек екен. Мүмкін сіздерге айыппұл салу керек шығар?!», - деді ол.

Дамира Бөребаева Fly Arystan-ның жүк рәсімдеу тәртібіне де наразы.

«Биыл қаңтар айында мен Fly Arystan-ға багаж үшін 50 000 теңге төледім. Олар маған таңдау қойды: жүктің артық салмағы үшін ақша төле болмаса қалдырып кет деді. Маған жаңа багаж рәсімдеуге рұқсат бермей қолды. Fly Arystan-ның бағасын қадағалайтын ешқандай мекеме жоқ па? Бұл заңды ма өзі? Мен олардың лоукостер екенін түсінемін, бірақ бағалары мүлде лоукостерге сай емес. Мен арзан билеттерді зерттейтін маманмын, не айтып отырғанымды білемін. Мұндай сорақылық Қазақстанда ғана бар», - деді жолаушы.

Ол шетелдік лоукостерлердің тәжірибесін мысалға келтірді.

«Pegasus рейс уақытын өзгерткен жағдайда, клиенттерге үш таңдау беріледі: толық ақшаны қайтару, тегін қайта брондау немесе басқа күнге билет алу. Ал Fly Arystan-да тегін қайта брондау үшін рейс уақыты кемінде 5 сағатқа өзгеруі қажет», - деді Дамира Бөребаева.

Әлеуметтік желілерде қолданушылар прокуратураны жаппай белгілеп, компанияның баға саясаты мен ережелеріне тексеріс жүргізуді талап етуде. Жолаушылардың пікірінше, Fly Arystan қызметі «лоукостер атауына сай емес».

Қазіргі уақытта әуе компаниясы тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.

Бұған дейін, Алматы қаласының әуе көлігі прокуратурасы FlyArystan әуе компаниясының қызметін талдау барысында duty free саудасынан сатып алынған өнімдерді тегін тасымалдауға қатысты шектеулердің заңға қайшы екені анықтаған. Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде FlyArystan өз ішкі қағидаларын түзеткен болатын.