Қоғамның түрлі орталарының өкілдері енетін қоғамдық сенім комитеті құрылады.
ERNUR.KZ. Сайлау қорытындысына арналған баспасөз жиынында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев митингке шыққан азаматтарға арналған диалог формасын ұсынды, деп жазады Zakon.kz.
– Тағы да айта кетейін, сайлаудың алдында мен құқық қорғау органдарына шерулер кезінде мейлінше ұстамдылық таныту туралы тапсырма бердім. Олар ұстамды болды. Болашақта да сондай болады, – деді ол.
Мемлекет басшысы наразылықтар басылмай тұрған осы жағдайда диалог қажет екенін атап өтті.
– Наразылықтарға келсек, бізге диалог формасын ұсыну керек. Қоғамның түрлі орталарының өкілдері енетін қоғамдық сенім комитеті құрылатынын айттым, сол жерде пікір алмаса аламыз. Менің ұстанымым – елде әрқилы, бір-біріне қарама-қайшы пікірлер бола алады, бірақ біз бір ұлт болып қала береміз. Пікірлер алуан болғанымен, ұлт біреу, – деп нақтылады Тоқаев.